70 немересі, 20 шөбересі бар: Түркістан облысында 24 баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты ана тұрады
Түркістан облысында алтын құрсақты аналар көп. Солардың бірі – 76 жастағы Сапаркүл Әбутәліпова, деп жазды KYN.KZ тілшісі. 24 баланы дүниеге әкелген ана бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отыр. Жетісай ауданының Қараөзек елдімекенінде тұратын көпбалалы батыр ана еліміздің жеткен жетістіктері мен алған асуларына тілеулес жан. Еңбекке жастайынан араласып, ерте есейген ақ жаулықты ананың жастарға айтатын өсиеті жетерлік. «Адамды адам еткен - еңбек» дейді. Жас кезімізден еңбекпен шұғылдандық. Жолдасым Жоламан екеуміз совхоздың малын бақтық. Мал шаруашылығында отағасы аға шопан, мен көмекшісі болып істедім. Жанұялы болып, 24 баланы дүниеге әкелдік. Өкінішке қарай, өмірдің түрлі сынағына тап болып, 12 балам қайтыс болды. Аллаға шүкір деймін, қалғанының барлығын аяқтандырдық, қатарынан кем қылмадық. Немере, шөбере сүйіп отырмыз. Балаларымызды жақсы тәрбиелеуге тырыстық, еңбекті сүйіп өсірдік. Маңдай термен табылған нан қашанда тәтті», – дейді қарт ана.