Аспан денелері туралы қазақ халқының түсінігі
Қазақ халқының аспан денелері туралы біраз түсініктері бар. Қазақтың белгілі ғалымы Нығмет Мыңжани «Қазақтың қысқаша тарихы» кітабында екінің бірі біле бермейтін қызықты деректерді жазған, деп жазды KYN.KZ тілшісі Нығмет Мыңжани - Қытайда туған қазақтың белгілі тарихшы ғалымы, қоғам қайраткері. Ол 1922 жылы 22 наурызда Тарбағатайдың Толы ауданындағы Күп деген ауылда дүниеге келген. Оның шығармашылық әрі ғылыми жолы 1943 жылы «Шыңжаң газетінде» жарияланған «Қазақ тарихының дерегі» мақаласынан бастау алады. Осы тұста Нығмет Мыңжанидың «Қазақтың қысқаша тарихы» кітабындағы «Қазақ халқының аспан әлемі туралы түсініктері және байырғы қазақ күнтізбесі» тарауына көз жүгіртуді жөн көрдік. Бұл бөлімде автор өз саласындағы мол мағлұматтарды зерттеп, іздеген материалдарды негізге ала отырып, қазақ халқының астрономиялық түсініктері жайлы құнды ақпарат ұсынды. Нығмет Мыңжани өзі дәстүрлі қазақ қоғамында туып-өскеннен болар, халықтың шаруашылық тұрмысымен бала күнінен таныс. Автордың аспан денелеріне байланысты түсініктер қалай пайда болғаны туралы толғанысы біз айтып жүрген аңыздар мен мифтерден гөрі көкейге қонымды тұрмыстық себептің басым болғанын түсінуге болады. Ұлан-байтақ кең далада мал бағып, күндерін кең табиғат құшағындағы өткізіп, түндерін жұлдызды аспан астындағы мал күзетінде өткізген қалың қазақ көпжылдық тәжірибесін қорытып, жұлдызды аспан туралы астрономиялық түсініктер жинаған. Өмір салты қазақтың астрономиялық көзқарасын қалыптастырады. Табиғат құбылыстарының айналып келіп отыруын – күн мен түннің, жыл мен мезгілдердің, ай жаңалануының айналып келіп отыруын мұқият бақылап, есептеп ұғынудың қазақ халқының шаруашылық өмірі үшін орасан зор тұрмыстық маңызы болды. Қазақтар осы есеп арқылы жайлауға қай уақытта көшу, күзеу және қыстауға қай уақытта келу, қой мен қозыны қай уақытта қырқу, қашан күйекке алу, қай мезгілде көктеуге барып мал төлдету, соғымды қашан сою, егінді қай мезгілден бастап салу, шөпті қашан шабу сияқты шаруашылық мезгілдерін белгілеп, осы арқылы әрекет етіп отырған. Мыңжани осы жерде қазақтардың аспан әлемін бақылау арқылы қол жеткізген екі түрлі пайдалы бағытын атап өткен. Біріншісі - уақытты дәл тану, екінші бағыт - бағдарды тура айыру, яғни біріншісі календарлық есеп мақсатында болса, екіншісі географиялық карта рөлінде қолданылған. Бұл екеуінің де маңызы аса жоғары болды. «Бұл есептен жаңылғандар ауыр шығынға ұшыраған. Мысалы, күйек дәл уағында алынбаса – ерте алынса, суықта туып, төл шығындайды, кеш алынса, қой қысырап қалады. Яки төл кенже қалып, жетіле алмайды. Міне, бұл уақыт есебін мұқият білуді, табиғат құбылыстарының айналысын бақылап отыруды қажет етті. Табиғат құбылыстарын, атап айтқанда айналаны, жұлдызды, аспанды бақылаудан туған, халықтың көп жылдық тәжірибесінде жинақталған астрономиялық түсініктер мен білімдер негізінде байырғы қазақ күнтізбесі жарыққа шықты. Шетсіз-шексіз кең далада мал бағу, үдере көшу, жолаушы жүру, түнқату, жоқ қарау және аң аулау төрт жағын анық айыруды, қараңғы түндерде жұлдызды аспанға қарап, бағыт-бағдарды белгілеп, өткел, суат, қоныс, құдықтарды дәл табуды үйретті», деп жазды ғалым. Автордың айтуынша, бұл қателіктерді жібермеу үшін, төлді уақытында төлдетіп, қыстауға уақытында жетіп алу үшін, көшкенде, аңға, жорыққа шыққанда адаспас үшін осы екі бағыттағы астрономиялық бақылаумен айналысқан есепшілер болған. «Қазақ арасында тәжірибе метеорологиясымен және уақыт есебімен шұғылданатын арнаулы есепшілер болды. Олардың білім тәжірибелері атадан балаға мұра ретінде қалып отырды. Есепшілер көптеген ұрпақтардың білім тәжірибесін жинақтап, жылма-жыл байқау жүргізіп, күн райын болжаған», дейді автор. Олар қазақ халық күнтізбесінің толық жылын белгіледі, яғни маусымды жұмыс кездерін, жайлауға көшетін, қыстауға қонатын, күйек алатын, жүн қырқатын, шөп шабатын уақытты анықтап, қыстың қандай болатыны туралы болжам жасаған. Н.Мыңжанидың пікірінше, қазақ қауымы негізгі планеталардың бәрін жақсы білген. Бұны сонау ғасырларда жазылған өлең-жыр, сан алуан аңыздардан да білуге болады. Қазақтардың жұлдыздарға қойған аттары да өздерінің малшылық өмірінен алынды. Қазақ халқы жұлдызды аспан картасын «Темірқазықтан» бастаған. Темірқазық – қазақтардың түнде жол жүргенде бағыт беталысын бағдарлайтын астрономиялық компасы. Оның маңындағы екі жұлдыз «Ақ бозат», «Көк бозат» деп аталды. Ал «Жеті қарақшы» (жетіген жеті қарт) қазақтың мал күзеткен күзетшілерінің астрономиялық сағаты еді. Күздің ұзақ таңында күзетшілер жеті қарақшыға қарап алмасты. Қыста кешкі «Шолпан» (сары жұлдыз) туған кезде қойды қораға әкелді. Меркурийді қазақтар «Таң шолпаны» деп атап, кейде «Кіші шолпан» деп те атады. Юпитерді «Есек қырған», Марсты «Қызыл жұлдыз», Егізді «Қол жұлдыз», Сириусты «Сүмбіле» деп атады. Бұлардың жай-күйін, қозғалысын тіпті орнын да жақсы білген. Десе де автор «Үркер» жұлдызына кеңірек тоқталып өткен. Оның айтуынша, «Үркер» жұлдызының қазақтар үшін әрі астрономиялық әрі метеорологиялық мәні зор болған. Жыл мен күнтізбе осы жұлдызға қарап зерттелді. Қазақтар «Үркердің» аууынан күн райы өзгереді деп білді. Әр айдағы «Үркер» мен айдың тоғауында, әр айдың өларасыңда ауа райы өзгеріп, жауын-шашын болады: егер бұл екеуі ашық өтсе, жалпы алғанда, ол айда жауын-шашын аз болады. Жазғытұрым «Үркер» іргеге жақындаса, көктем шығуының белгісі, «Үркер» жерге түспей жер қызбайды десті. Мамырдың аяғы мен маусымның басында күн көкек зодиагінің белгісіне еніп, «Үркер» көрінбей кеткен кезде қазақтар «Үркер» жерге түсті дейтін. Қазақ есепшілері «Үркер» осы бетімен жерде қырық күн жатады, мұны жылдың өте ыстық кезі – «қырық күн шілде» деп атайды. Осы қырық күн – жылдың ауа райының шешуші кезеңі, егер «Үркер» суға түссе, жаңбыр көп болады. Құрғаққа түссе, аңызақ жел көп болып, қағыр-қуаңшылық балады; «Үркер» тасқа түссе, шіліңгір қатты ыстық болады деп ұйғарады. Осы қырық күн өтіп, «Үркер» қайта көтерілген соң, өсімдіктің тамыры тереңге бойламайды, дән ала бастайды деседі. Қазақ халқы Орион шоғыр жұлдыздарына ерекше көңіл бөліп, оны әр алуан аттармен: «Арқар жұлдыз», «Үш арқар», «Таразы», «Шідер жұлдыз» деп атады. Шілденің аяғында «Таразы жұлдыздың» тууы жаздың өтіп, қатты ыстықтың қайтқандығын аңғартады. Қазақ есепшілері: бұл жұлдыздың шығуына қарап: «Таразы туса таң салқын, бидай, тары піседі» деп тұжырымдаған. Қазақ елі Сириус шоғыр жұлдыздарын «Сүмбіле» деп атайды. «Сүмбіле» туған соң жаз аяқталып, мал тынышын алатын шыбын-шіркей кешікпей жоғалады. «Сүмбіле туса су суыр» деген сөз егін орып, отын-су жинап, жылы үй дайындап, қыстың қамын ойлауды білдіреді. Қазақ халқы аспан әлемін бақылау арқылы «Құс жолы», «Құйрықты жұлдыз», «Ақпа жұлдыз» және «Кемпірқосақ» жайында жақсы білген. Автор қазақ халқының ай есебі бойынша қысқаша мәлімет берген. Қазақ есепшілері жыл айларын дұрыс есептеу үшін айдың қозғалысын үнемі бақылап отырған. Олар бір жылды он екі айға, айдың тууына, толысуына, солуына қарай бір айды үш ондыққа бөлді. Қазақтар жыл мезгілдерін күннің «Үркерге» қарағандағы жайына қарай белгілейді. Күн көзіне негізделген жылдың астрономиялық айларын қазақтар «жұлдыз» деп атады. Бұл Жердің, Айдың он екі фазасына сәйкес он екі зодиактық шоғыр жұлдыздардың санын еске салады. Қазақ халқы дүниенің төрт жағын күн көзінің күндізгі жайына қарай «күн шығыс», «күн батыс», «оңтүстік», «солтүстік» деп атады. Ерте заманнан келе жатқан мүшел жылы есебінің қазақ өмірінде үлкен мәні болды. Қазақтар уақыт есебін осы мүшел жылы бойынша жүргізді. Әрбір жыл хайуан атымен: тышқан, сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз деп аталды. Мүшел жылы жиырма екінші наурыздағы «Наурыз» мейрамында ауысады. Бұл қазақ күнтізбесінің мұсылман күнтізбесінен бөлек екенін білдіреді. Қазақтың байырғы күнтізбөсінде он екі ай - бір жылға, үш ай - бір тоқсанға, жеті күн - бір аптаға, бір күн мен бір түн - бір тәулікке есептелген. Ал күннің ұзару-қысқаруы туралы келтірген мәліметтері тіпті қызық. Қазақ есепшілері күннің ұзару, қысқару құбылыстарын да мұқият бақылаған: күн тоқсанда торғай адым, қаңтарда қарға адым, ақпанда ат адым ұзарады, шілдеде шіл адым қысқарады деседі. Қазақ халқы уақыт есебінің «Үркері» бойынша жүргізілетін жүйесін «Тоғыз есебі» деп атайды. Айдың «Үркерді» басып өтуі «тоғыз» (тоғау) делінеді. Ай тоғағанда «Үркер» айдың ар жағында тасада қалады да көрінбейді. Ай тоғауы үш күнге созылады: бірінші күні тоғайды, екінші күні ауыл үй қонады, үшінші күні өріп шығады, ай ақырын жылжып «Үркерден» өткеннен кейін тоғыз аяқтайды. Тетелес келетін екі тоғыз аралығындағы уақытты қазақ халқы «тоғыс айы» дейді. «Тоғыс айы» жиырма сегіз күн (яғни жиырма жеті күн, жеті сағат, қырық үш минут) болады. Бір жылда он үш тоғыс айы келеді, бірақ жазда «Үркер» көкжиектен төмен түсіп кететін қырық күндегі екі тоғыс көрінбейді. Тек он бір тоғыс қана бізге көрінуі мүмкін. Тоғыс айларының аттары былай аталады: жеті тоғыс – наурыз, бес тоғыс – көкек, үш тоғыс – мамыр, бір тоғыс – маусым, жиырма үш тоғыс – шілде, жиырма бір тоғыс – тамыз, он тоғыз тоғыс – қыркүйек, он жеті тоғыс – қазан, он бес тоғыс – қараша, он үш тоғыс – желтоқсан, он бір тоғыс – қаңтар, тоғыз тоғыс – ақпан. Байырғы қазақ күнтізбесі – дәстүрлі күн тізбесін қолданды. Күн жылының айлары, күні сол кезде қайсы шоқ жұлдыздардың тұсында болса, сол шоқ жұлдыздардың атымен аталды. Сондықтан, бұл «жұлдыз есебі» деп те аталды. Жылдың басы көктемдегі күн мен түннің теңелуі (жиырма екінші наурыз) болды. Бұл күні жаңа жыл – Наурыз мейрамы тойланады.