Күдебаев соттан айыппұлмен құтылғысы келеді
Экс-басшы Күдебаев сотта өзіне тағылған айыппен толық келісіп, өз кінәсін мойындады
Алматы облысы полиция департаментінің экс-басшысы Серік Күдебаев мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту ісі бойынша Кеген аудандық сотында соңғы сөзін айтты, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап. Сотталушы өкініп, өз кінәсін толық мойындады.
ҚР ҚК 392-бабының 1-бөлігі (ҚР шекарасын заңсыз кесіп өту) 1000 АЕК (3 450 000 теңге) мөлшерінде айыппұл немесе бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді. Қорғаушы тарап Серік Күдебаевтың сотталғанын және өз кінәсін мойындағанын ескере отырып оған 500 АЕК (1 млн 725 мың теңге) мөлшерінде айыппұл түрінде балама жаза тағайындауды сұрады. Еске салайық, сот шешімі бойынша Алматы облысы ПД экс-басшысы Серік Күдебаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Апелляция үкімді өзгерісіз қалдырды. Сәуірдің басында генералдың сот үкімі шықпай тұрып Қазақстаннан қашып кеткені хабарланған болатын. Экс-шенеуніктің 23-24 наурыз күндері Қырғызстан шекарасын заңсыз кесіп өтіп, Бішкекке арқылы Түркияға жол тартқаны анықталды. Оған халықаралық іздеу жарияланды. 27 сәуірде Бас прокуратура Серік Күдебаевтың Түркияда ұсталғанын мәлім еткен. Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Серік Күдебаевтің ел шекарасынан қалай өткенін айтты. Ал жуырда Қырғызстанда Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаевтың қашу ісі бойынша 5 адам сотталғаны белгілі болды.