Әнші Төреғали Төреәлі бостандыққа шықты
Танымал әнші Төреғали Төрәлі бостандыққа шықты. Бұндай жаңалықпен әншінің адвокаты Эльнура Кишкенебаева бөлісті, деп жазды KYN.KZ тілшісі. "Төреғали ұлдарыңыз бостандыққа шықты. Қолдап, қорғаған оқырмандарға мың алғыс! Бәрі жақсы, уайымдағандарыңыз үшін рақмет айтамын!", - дейді адвокат. Айта кетейік, бұған дейін Алматыда танымал әнші Төреғали Төреәліні ұстаған видео әлеуметтік желіде тарап кеткен еді. Алматының полиция департаменті мәліметінше, 14 маусымда Майлин көшесінің бойында, солтүстік бағытта, жергілікті полиция қызметінің мамандандырылған батальонының экипажы 1992 жылы туған А. (Уикипедиядағы мәлімет бойынша, Төреғали Төреәлінің тегі - Әлиханов) есімді азаматтың басқаруындағы Lexus автокөлігін тоқтатқан. "Жүргізушінің мінез-құлқы өрескел болып көрінді: ол агрессив болды, полицияның заңды талаптарына бағынбады, тұрақта тұрған Chevrolet көлігіне зақым келтіріп, оқиға орнынан ізін суытпақ болған. Алайда құқықбұзушының жолы бұғатталды. Патрульдік полиция қызметкерлері оны ұстап, медициналық тексеріске алып барды. Сараптама нәтижесінде А. есімді азаматтың есірткіге мас екені белгілі болды", - делінген полиция хабарламасында.