Басты жаңалықтар
Асаба әйелдің тойда айтатын анекдоты өз өмірінде айна қатесіз қайталанған
- автор kyn.kz
- 18 шілде, 2023
- 374
Той басқарып қалай халықтың көңілін көтеремін деп түрлі әзілдерді айтатын келіншек, өзінің болашаға туралы айтып тұрғанын аңғармаса керек, деп жазды KYN.KZ тілшісі.
“Сонау бір жылдары қыз-келіншектердің асаба болуы сәнге айналып, той-томалақтың соңында көп жүрдім, – дейді ол. – Аздаған әншілігім бар, дауысым ашық. Той басқаруды жақсы-ақ меңгеріп кеттім. Жаспыз. Жүрген жерім күлкі-думан. Жарым бар, балам бар. Қайғы-мұң ойыма кіріп-шықпайды. Не көп, той көп. Табыс шаш-етектен. Өмірім солай шат-шадыман өте береді деп ойлайтынмын.
Тойда күлкі шақыратын небір анекдоттарды тауып айтар едім. Сонда ең көп айтатыным және жұрттың ішек-сілесін қатыратыны мынау еді: “Күйеуі өлген келіншек пен әйелінен ажырасқан жігіт тіл табысып, шаңырақ көтеріпті. Екеуінің де бұрынғы некелерінен бір-бір баласы бар. Көп ұзамай өздері тағы кішкентайлы болады. Бірде үш бала ойнап отырып төбелесе қалады ғой. Соны көрген келіншек күйеуіне жүгіріп келіп: “Ойбай, жүгір, тез барып ажыратшы.
Сенің балаң мен менің балам біздің баламызды ұрып жатыр” депті. Осыны өте әдемі, келістіріп айтушы едім. Естіген жұрт күлкіден қырылып түсетін. Өзім де мәз-мәйрам болатынмын. Алланың бұйрығы ғой, өмірім күрт өзгерді. Жол апатынан күйеуім қайтыс болды. Қайғыдан денсаулығым төмендеп, той-томалақтан алыстап қалдым. Тірліктің қиындығын бірталай тарттым. Ақыры, әйелінен ажырасқан бір жігітпен қайта тұрмыс құрдым. Менде бір бала, оның да әйелі тастап кетіп, баласы өзінде қалған. Жыл өте нәрестелі болдық. Қазір жасы беске келіп қалды.
Кәдімгідей ақар-шақар шаңырақпыз. Кіші ұл ұрыншақ. Ересек екеуімен тайталаса кетеді. Олар да бала емес пе, айтқанға тоқтамаған соң қағып жібереді ғой. Бақырып жылап, шағым айтып маған келеді. Тағдырдың тәлкегін қараңыз. Сонау жылы ғана жұртты қыран-топан күлкіге батыратын анекдот оқиғасы айны-қатесіз өз басыма келді. Алғашқыда сол ұлыммен қосыла жылаймын.
Енді құдайға шүкір, оған да көндігіп қалдық. Менің түсінгенім, шексіз рахат күлкінің зардабы да шексіз ауыр болады екен”. Пендеміз ғой, қарап отырғанша күлкі болсын деп кейде артық кетіп жататынымыз бар. Сондай сәтте, артық күлкінің зардабын тартып қалмауды естен шығармасақ екен…
Келесі мақала