Басты жаңалықтар

Алматыда науқастардың ВИЧ жұқтыруына медициналық мекеме қызметкерлер кінәлі екені айтылды

Дәрігерлер санитариялық-эпидемиологиялық ережелерді сақтамай, өз ісіне жауапсыз қараған

Науқастардың ВИЧ инфекциясын жұқтыруына адами фактор себеп! Алматыдағы орталық клиникалық ауруханада бір ай тексеріс жүргізген арнайы комиссия осындай қорытынды шығарды. Мамандар үш науқастың айықпас індетке шалдығуына орта медициналық қызметкерлер кінәлі деп отыр. Яғни, олар санитариялық-эпидемиологиялық ережелерді сақтамай, өз ісіне жауапсыз қараған. Сол үшін медициналық мекеменің бас дәрігері жұмысынан уақытша шеттетілсе, оның орынбасарынан бастап бөлім басшылары, бас-аяғы төрт қызметкер жұмыстан босатылған, деп жазды КҮН.КЗ тілшісі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап. "Мекеменің басшылық және тиісті жауапты қызметкерлеріне шара қолдандық. Еңбек кодексіне сәйкес, бас дәрігері директоры жұмыстан уақытша шеттетілген. Эпидемиологиялық бақылау бойынша орынбасары, жансақтау бөлімінің меңгерушісі, одан бөлек аурухананың бас мейірбикесі, бөлімшенің аға мейірбикесі осы төрт лауазымды қызметкерлер жұмыстан босатылды",-дейді Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шаметеков. Тексеріс барысында қанынан иммунтапшылық вирусы табылған емделушімен байланысты болған адамдар, донорлар мен аурухананың қызметкерлері жалпы саны 745 адам сынама тапсырыпты. Барлығының қорытындысы теріс шыққан. Қаланың бас санитар дәрігері үш науқас қауіпті кеселді жансақтау бөлімінде бірге жатқан тағы бір адамнан жұқтыруы мүмкін дейді. Бірақ аталған емделушінің өзге аурудан қайтыс болуына байланысты инфекция көзін анықтау қиынға соққан. "Нөлдік науқас деп айтып отырғанымыз ол түскен кезде алдын ала алынған анализі күмәнді болған. Сол кезде жаңағы үш науқаспен бірге жансақтау бөлімінде болған. Сондықтан біз мүмкін деген осындай қорытындыға келіп отырмыз. Тексеру нәтижесінің қорытындысы құқық қорғау органдарына берілді. Солар зерттейді. Солардың қорытындысы бойынша ары қарай шешім қабылданатын болады",-дейді Алматы қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қасымхан Алпысбайұлы. Комиссия мүшелері індет қан құю арқылы тарады деген ақпаратты мүлдем жоққа шығарды. Өйткені, донорлардың сынамасы теріс нәтиже көрсеткен. Ал, осы дертті жұқтырған үш науқас СПИД орталығына тіркеуге алынды. Қазір оларға қажетті медцицналық-психологиялық көмек көрсетілуде. Еске салсақ, 17 жыл бұрын Шымкентте де балалар жаппай ВИЧ инфекциясын жұқтырған болатын. Сол кезде ведомствоны басқарған Ерболат Досаев өз еркімен қызметінен кеткен еді. Досаев қазір Алматы қаласының әкімі.