Басты жаңалықтар

«Ордабасы» футбол клубы санкцияға ілігуі мүмкін

Шымкенттіктер польшалық жанкүйерлермен қақтығысқаны үшін "Ордабасы" клубына үлкен айыппұл салуы мүмкін

Шымкенттік Ордабасы футбол клубы УЕФА-ның қаһарына ұшырап, санкцияға ілігуі мүмкін. Себебі Лига конференциясының іріктеу турында Легия командасын қабылдап ойын тең аяқталған. Осыған наразы жергілікті жанкүйерлер польшалық жанкүйерлермен қақтығысып қалды. Қос клубтың жанкүйерлері ойын басталмай жатып-ақ шекісіп қалған. Кикілжіңді қонақтар бастапты. 25 мың көрермен жиналған стадионға кіріп келе жатқан 250 польшалық жанкүйер арандату әрекетін жасаған. Бірақ қос тараптың төбелесін тәртіп сақшылары тоқтатып үлгерген, деп жазды KYN.KZ тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап. Ойын 2:2 есебімен аяқталған соң ордабасылық жанкүйерлер Легия футболшылары мен фанаттарына түрлі зат лақтырып, тағы ерегесіп қалған. Абырой болғанда ешкім жарақат алған жоқ. Өйткені, шетелдіктерді полиция қоршап, әуежайға дейін жеткізіп салды. Енді жергілікті жанкүйерлердің осы қылығы үшін УЕФА Ордабасы клубына қаржылай айыппұл салу мәселесін қарастырып жатыр. "2 мың еуродан жоғары жағы деңгейі көпке дейін бара береді. 45-50 мыңға дейін бара береді. Бір ғана кемшілікке, кемшілік көп болса бірінің үстіне бірі қосылып кете береді. Қаншалықты біздер ол жерге шөлмектермен кірмеуге әрекет жасап, стадион қызметкерлері, полиция қызметкерлері барынша әрекетін жасады. Десе де көпшіліктің ішінде бірен-саран адам өтіп кеткен болуы керек. Өте дұрыс емес нәрсе істеді. Бірақ ол фанаттар жағынан емес, көрермендер секторынан болды",-дейді Ордабасы клубының президенті Бауыржан  Абдубаитов.