Басты жаңалықтар

ҰҚК "Азаматтарға арналған үкіметтің" тағы бір қызметкерін ұстады

фото:gov.kz

"Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясы" КЕҰ қызметкері ұсталды, - деп хабарлайды KYN.KZ  тілшісі ҚР ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап. "2023 жылғы 27 шілдеде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен Ұлттық ұланды жұмылдыра отырып жүргізген жедел-тергеулік іс-шаралар нәтижесінде "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес ұйымының жергілікті бөлімшесі бастықтарының бірін ұстады", - делінген хабарламада. Ол Қазақстанның аса маңызды ақпараттық инфрақұрылымына жататын деректер базасындағы жер учаскелеріне қатысты мәліметтерді өзімшілдік ниетпен заңсыз өзгертті деген күдікке ілінген. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 206-бабының 3-бөлігімен ("Ақпаратты құқыққа сыйымсыз жою немесе түрлендіру") қарастырылған қылмыстық заң бұзушылық белгілері бойынша тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Көкшетау қаласының соты күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Өзге ақпарат Қылмыстық-процесстік кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.