"Зираттардағы кейбір ескерткіштердің құны 1 000 доллардан асады":Салттық қызмет көрсету маманы
- автор kyn.kz
- 7 тамыз, 2023
- 1.2k
2017 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар Кеңесінің XV мәжілісінде мешіт жамағаттары мен жекелей азаматтардан келіп түскен сұрақтар мен өтініштерге байланысты мұсылман зиратының қағидалары мен талаптарын бекіткен еді. Онда шариғат тұрғысынан қабір үстінен қандайда бір құрылыс жүргізуге рұқсат жоқ делінген. Енді жерлеу рәсімі ғана емес, бейіт құлпытасына қатысты әртүрлі пікір айтылып жүргенде, зираттарға QR орнататын жаңалық бізге де жетіпті. Технологияның мұндай сегменті алғаш рет Азияның технологиялық дамыған елдерінде – Қытайда, Жапонияда, Кореяда, кейіннен Ресейде пайда болған. Ал елімізде жаңа тәжірибеге үрке қарағандар көп болыпты. Осы бағдарламаны елімізге алып келген Сергей Профир журналистермен кездескен кезде QR-кодтың көмегімен бейітте жерленген марқұмның фотосуреттерін көріп, аудиожазбалардан дауысын естуге мүмкіндік болатынын айтыпты. Оның айтуынша, жобадағы мәтіннің мазмұнына тапсырыс берушінің өзі жауапты. Өлілерге арналған цифрлық жоба авторының айтуынша, қоғам мұны әзірге құп көріп отыр. Әзірге бұл күпірлік немесе дінімізге, салтымызға қайшы дегендер жоқ. Егер солай болған күннің өзінде автордың мұндай қарсылықтарға айтар дәлелі де бар екен. Себебі мұндай бастамаларды бірден жерсініп кетуі де, халықтың бірден қабылдап кетуі де қиын көрінеді. Алматыдағы салттық қызмет көрсету комбинаты директорының орынбасары Марат Исмаиловтың айтуынша Кеңсайдың ең биігіндегі кейбір ескерткіштердің құны 100 мың доллардан асып кетеді. Шамасы жеткендер француз дизайнерлеріне тапсырыс береді екен. Салттық қызметке қатысты заңсыздықтың бәрі ауруханада, мәйітханадағы аса құпия саналатын ақпараттардың сыртқа шығып кетуімен басталады. Басқаша айтқанда, кейбір жекеменшік компаниялар артында қалған туыстарының есігін қағып өздерінің «қызметтерін» ұсынатын көрінеді. 2019 жылы Астанада құқық қорғау қызметкерлерінің қаза тапқандар туралы деректерді жерлеу қызметтеріне сатқаны туралы ақпарат шыққан. Сол кезде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция департаментінің басшысы Анар Жарова жерлеумен айналысатын компаниялар өкілдері қайғылы оқиғадан кейін қайтыс болған кісінің үйіне бірден келетін жағдайлар жиі кездесетінін айтқан. Анықталғандай, қаза болған азаматтардың жеке дерегін «102» деректер базасынан сыйақы үшін полиция қызметкерлері берген. Нәтижесінде, Астананың Алматы және Сарыарқа аудандарының полиция басқармалары кезекші бөлімдерінің 9 қызметкері (көбісі майор шеніндегі) қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны, құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін қызметтен босатылғандығын айтып өтті. Сондай-ақ Марат Исмаилов Жерлеу қызметі индустриясындағы көлеңкелі бизнестің Алматыдағы жылдық айналымы миллиардтардан асып кетуі мүмкін деген деректер бар екенін, заңның болмауынан адамдар ақыреттік орындарын да сатып алып жатқанын атап өтті. «Кеңсай» алматылықтардың ұғымында ұлттық пантеон ретінде қалыптасып қалған. Қоғамда шамасы келгеннің бәрі ақыреттік мекенін Кеңсайдан сайлап қойғысы келетіндер да көбейіп барады.