Ауылды билеуге таласқан екі мектеп оқушылары арасындағы төбелес өліммен аяқталды
Бәйдібек би ауылында болған оқушылардың жаппай төбелесі өліммен аяқталды
Ауылды билеп-төстегісі келген! Алматы облысында арты өліммен аяқталған жаппай төбелеске осы себеп дейді тұрғындар. Екі мектептің оқушылары арасында текетірес көптен бері бар екен. Ал қылмыс болған күні олардың қару ұстап тайраңдап, ауылды басына көтеріп жүргенін көргендер көп, деп жазды KYN.KZ тілшісі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап. Төбелеске қатысқандардың арасында 30-дан асқан ересектер де болыпты. Ал ең кішісі – қыршын кеткен 17 жастағы жасөспірім. Осыдан екі күн бұрын Бәйдібек би ауылында жаппай төбелестің соңы бір баланың өлімімен аяқталған. Аталмыш іспен қазір тоғыз адам қамауда отыр. Қолында таяқ, төңіректе тарсыл-гүрсіл. Арты өліммен аяқталған жаппай төбелес ауылдағы екі мектептің оқушылары арасында болған. Арасында биыл мектеп бітірген түлектер де, неге екені белгісіз, ересектер де жүр. Жұмадан сенбіге қараған түні болған оқиға дүйім Бәйдібек би ауылын бір шулатты. Қақтығыс ашық алаңда болған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, бір мектептің 20 шақты және өзге мектептің 50-ден аса баласы бір-бірімен төбелеседі. Алайда арасынан біреуі адамға оқ атқаннан кейін, бәрі жан-жаққа қаша жөнелген. Денесіне оқ тиген бала да қансырап қашып, сол маңдағы үйдің алдына келеді. Есігі құлыптаулы болған соң, есігінен секіріп өтіп, шыңғыра көмек сұраған. Аяғының ізі қақпада әлі тұр. "Мына жерде «тәте, демала алмай жатырмын, жедел жәрдем шақырыңызшы» деп айқайлап жатыр екен. Содан мен жедел жәрдем шақырдым. Сол кезде көшенің басына шыққан кезде қасымнан 30 баладай өтті. Бетінде маска, басында кепка, қолында қаруы, таяғы бар. Бірекеуі айтты: « біз осы жерді ұстаймыз, біз билейміз осы жерді, біз басқарамыз осы жерді» деп, айқайлап кетіп бара жатты",-дейді Гүлмира Мұсаева. Алайда жедел жәрдем жеткенше жасөспірім жан тапсырған. Мәрленнің жасы небәрі 17-де. 9-сыныптан кейін колледжге кетіп, аспаз мамандығына оқыған екен. Демалысында ауылдағы әке-шешесіне көмек қолын созамын деп келіпті. Айдын-күннің аманында ұлынан айырылған ата-ана қазір зар еңіреп жүр. Баласының денесін күне кеше жер қойынына тапсырыпты. "Істеген адамдар заңды жазасын алсын. 80-70 адам істеп отыр бұны. Тоғызақ адам ұсталып отыр. Оның ішінде екеуі күдікті дейді. Басқа адамдардың бәрі жазалансын. Баяғыдан келе жатқан нәрсе бұл – екі жақтың соғысы. Бәрі жылы жабылып қалып жатыр. Менің баламның өлімі жылы жабылып қалмасын деп, мен баратын жердің бәріне барамын",-дейді анасы Эльнора Айдарова. Бұлай айтуы да бекер емес. Кешірім сұрап күдікке ілінген жасөспірімдердің әке-шешесі келмеді емес, кеше келіпті. Бірақ жиынның соңы тағы да жанжалға ұласып кеткен. "Мәрлен үйде болған. Бізге учаскелік полицей Алматыдан келген деп өтірік ақпарат жазып отыр. Ол үйде жатқан. Мәрленнің телефоны болмаған. Інісіне келсін деп хабарласқан. Сосын аяқасты сағат бір шамасында шығып кеткен. Сондағысы жарты сағаттың ішінде хабар келіп тұр",-дейді әпкесі Айдарбекқызы Аяулым. Ауыл тұрғындары жаппай төбелеске бірнеше себеп келтіріп отыр. Бірі - өз араларындағы кикілжің десе, өзгелері бір-бірін күш арқылы басқарғысы келген дейді. Не де болса нақты себебін тәртіп сақшылары анықтайды. Әзірге адам өлтірді деген күдікке біреуі ілініпті. Сегізіне бұзақылық бабы бойынша іс қозғалған. "ҚР ҚК 99-бабы, 9-тармағы, 2-бөлігі, 14 тармағы және ҚР ҚК 293-бабы, 3-тармағы бойынша аудандық полицияда тіркелді және сотқа дейінгі тергеу басталды. Жедел іздестіру шарасында полиция қызметкерлері оқиғаға қатысы бар 20-дан астам баланы анықтап жеткізді. Оның тоғызы аудандық полицияның уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазір сотмедициналық сараптама тағайындалып, барлық тергеу іс-шарасы жүргізіліп жатыр",-дейді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ернар Сайділдин. Ал қару сол ұсталғандардың бірінің әкесіне тиесілі екен. Заңға сәйкес, Мәрленді өлтірген күдікті кемі 15 жылға дейін, ал қалған сегізі 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Дегенмен тергеу әлі жалғасып жатыр. Кінәлілердің саны қанша болатыны әрі олардың нақты қандай жаза арқалайтынын қазір дөп басып айту қиын.