Астанада екі баласымен 9-қабаттан секірмек болған келіншектің неге мұндайға барғаны анықталды
- автор kyn.kz
- 12 тамыз, 2023
- 12.9k
Елордалық келіншектің екі баласымен бірге тоғызыншы қабаттан секірмекші болуына күйеуінің ішкілікке салынуы себеп болған. Тұрмыс тауқыметінен әбден қажыған әйелді полицейлер ажал аузынан аман алып қалды. Оқиға екі кештің ортасында оң жағалаудағы Циолковский көшесінің біріндегі үйде болған, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.
«Жаныма жоламаңдар, секіреміз» деп, терезе жақтауына шығып алған әйелді көрген көршілерінің төбе шашы тік тұрыпты. Абырой болғанда он минутта жеткен полицейлер тоғызынша қабатқа көтеріліп, әйелді артынан шап беріп тартып үлгерген.
«Жас келіншек тоғыз қабаттан секірмекші болып жатыр» деген хабарламаны ести сала, тәртіп сақшылары оқиға орнына құстай ұшып келеді. Жоғарыға көз салса, ені бір қарыс терезе жақтауына 24 жастағы келіншек шығып алып, секіруге бел буған. Жалғыз емес. Бір қолында емізулі баласы, бір қолында екі жасар ұлы.
"Екі баласымен секіргелі тұрған әйел туралы хабарламаны радиобайланыстан естіп, аталған мекенжайға дер кезінде жеттім. Тоғызыншы қабатқа учаскелік испектор Елдос Нұғыманов екеуміз жедел көтерілдік. Мен ол сәтте форманы кәдімгі киімге ауыстырып, әйелмен тілдесіп, артынан жәймен келіп, баласымен қоса терезеден отырған жерінен ішке қарай тартып алдым",- дейді Байқоңыр ауданы ПБ учаскелік полиция инспекторы Асқар Папышев.
Аман қалған балалардың көрер жарығы бар екен. Көршілер келіншек осымен екінші рет терезеден секіріп өмірімен қоштасуға оқталғанын айтып отыр. Соңғы кезде жиі күйзеліске түскен ол балалар үйінің тәрбиеленушісі екен. Көзін ашқалы тағдыр тауқыметін көріп келген әйел удай мас күйеуінің күнделікті салған ойранынан қажыған. Балаларға берілетін ай сайынғы жәрдемақыны да отағасы сыпырып алып араққа жұмсаған.
- Күйеуі алкаш, арақ ішеді екен, бүкіл бичтармен қсылып жұмыс істемейді екен. Анау әйел екі баласымен, әрине, қиын. Тығырыққа тірелген ғой. Жүйкесі тозған. Балаларын қалай асырарын білмейді.
- Бұл отбасы бір жарым жылдан бері тұрады. Артық ештеңе байқамадым. Бірақ күйеуі күнделікті ішеді. Ішкенде күніге, көп ішеді. Келіншекті күнделікті көремін, тап-тұйнақтай, әдемі, реңді келіншек.
Қазір әйел балаларымен бірге қаланың дағдарыс орталығына орналастырылды. Оған үш ай бойы психологиялық көмек көрсетіледі. Балаларының да денсаулығын дәрігерлер жіті қарап, тексерістен өткізеді. Ал әйелді осындай ауыр хәлге жеткізген күйеуіне қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабы Отбасылық-тұрмыстық қатынас саласындағы құқыққа қайшы әрекеттер бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл жанұя ерекше бақылауға алынды.