Петропавлда 8 жасар қызды зорлаған педофил жазадан құтылып кетті
Сот Иван Мальченконы ақыл-есі дұрыс емес деп танып, мәжбүрлі түрде психиатриялық ем қабылдауға жіберу туралы шешім шығарған. Ал педофилдерге қатысты жазаны қатаңдату туралы бастама көтерген зорлық - зомбылыққа қарсы күрес белсенділері бұл шешімге үзілді-кесілді қарсы.
Еліміздің солтүстігінде 8 жасар қызды зорлаған педофил жазадан құтылып кетті, деп жазды KYN.KZ тілшісі informburo31 инста парақшасына сілтеме жасап.
Сот Иван Мальченконы ақыл-есі дұрыс емес деп танып, мәжбүрлі түрде психиатриялық ем қабылдауға жіберу туралы шешім шығарған. Ал педофилдерге қатысты жазаны қатаңдату туралы бастама көтерген зорлық - зомбылыққа қарсы күрес белсенділері бұл шешімге үзілді-кесілді қарсы.
Жантүршігерлік жағдай Петропавлдағы «Ойқала» шағын ауданында тура бір жыл бұрын болған. Бұған дейін сотталып, жазасын қауіпсіздігі төмен мекемеде өтеп жүрген Иван Мальченко осы жерде жеке кәсіпкердің бірінде жұмыс істеген. Қылмыскер кешкі алтыдан кейін түзету мекемесіне оралатын жолда 8 жасар қызды зорлап, азғындық жасаған.
Сорақысы сол, жазасын өтеп жүрген азамат небәрі 8 жастағы оқушыны оның үйінен алыс емес жерде қорлаған. Тіпті полиция пункі де сол маңда болған. Осы іс бойынша үкім оқыған судья педофилдің кінәсі толық дәлелденген деді. Тек ақыл-есі дұрыс емес адамды түрмеге қамай алмайтынын айтты. Оның сөзінше, барлық тараптар да қылмыскерді мәжбүрлі түрде емдеуге жіберу туралы шешімді қолдаған.
"Кешенді және стационарлық сот-медициналық сараптама нәтижесінде күдікті ауыр қылмысты есі дұрыс емес кезінде жасағаны анықталды. Сол үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды.
Ал бұған дейін жасаған қылмысы үшін қауіпсіздігі төмен мекемеде жазасын өтеп жүрген қылмыскердің қалайша бақылаусыз көшеде жүргенін ешкім түсіндіре алмады. Тек анығы, өрімдей қызды зорлады деп күдікке ілінген Иван Мальченко жазасын өтеген колонияның бастығы мен жауапты қызметкерлері жұмысынан қуылды"- деді Ерлан Нұршәріпов, СҚО Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы.
Ал зорлық-зомбылыққа қарсы күрес ұйымының басшысы Дина Таңсәрінің айтуынша, соттың шешімі ақылға қонымсыз. Өйткені кез келген балаға қатысты зорлық жасаған қылмыскерлер қоғамнан өмір бойына аластатылып, қатаң жаза арқалауы керек дейді.