Алматыда ер адам өзімен танысудан бас тартқан бойжеткенді сабап кетті
Қыз: 17 күннен бері полиция оны тапқан жоқ. Таяқталуыма өзімді кінәлап отыр.
Алматының қақ ортасында құрбысымен қыдырып жүрген бойжеткенді ер адам таныспағаны үшін ұрып кетті, деп жазды KYN.KZ тілшісі. Полициядан көмек ала алмаған қыз мән-жайды желіде баяндап берді.
"Құрбым екеуіміз кешкі салқында өзен жағасында отырдық. Қолдарына сыра ұстаған екі жігіт танысуды ұсынды. Біз сыпайы түрде бас тарттық. Кенет біреуі ойламаған жерден жағыма жұдырығымен қойып қалды. Мен талып қалдым. Құрбым бірден 102, 103 шақырды",-дейді жәбірленуші.
Қыздың сөзінше оның осындай күйге түсуіне өзі кінәлі деген келген полицейлер. Себебін кешкісін өзен жағасында қыдыруы деп көрсеткен.
"Прокуратураға екі рет арыз түсірдім. Нәтиже жоқ. Ол менің жағымды сындырмағанымен психикамды "сындырды". Оған әкімшілік емес қылмыстық жаза қарастырылуы керек. Оқиға болған жерде камера болмағандықтан, полиция оларды таппай жатыр",-деп күйінді бойжеткен.