Ұлытау облысында орыс тілді барлық мектептер жабылды
2022-2023 оқу жылында барлығы 39 601 оқушы оқыған. Соның 19 153-і – қазақ, 18 795-і – аралас, 1 653-і орыс мектептерінде білім алған.
Ұлытау облысында таза орыс тілінде сабақ жүргізетін бірде-бір мектеп қалған жоқ, деп жазды KYN.KZ тілшісі Egemen.kz сайтына сілтеме жасап.
Ұлытау облысында барлығы 88 мектеп бар екенін жазды. 2022-2023 оқу жылында барлығы 39 601 оқушы оқыған. Соның 19 153-і – қазақ, 18 795-і – аралас, 1 653-і орыс мектептерінде білім алған.
Облыстағы аралас мектептер негізінен Жезқазған және Сәтбаев қалаларына орналасқан. Былтырғы жылдың есебі бойынша, Жезқазғанда – 12, Сәтбаевта 6 аралас мектеп бар. Ал мұндай мектептер саны Қаражалда – 3, Жаңаарқа ауданында – 2, Ұлытау ауданында – 3.
Яғни облысқа Берік Әбдіғалиұлы әкім болған соң, таза орыс тілді мектептер жабылған.
Таза орыс мектептерінің жойылуы – облыста былтырдан бері басталған үрдіс. Жезқазғандағы №26 мектепте алғаш рет қазақ сыныптары пайда болып, 1-сыныпқа оқушылар қабылданып жатыр.
Сондай-ақ облыспен аттас Ұлытау ауданында аралас мектептердегі орыс сыныптарына құжат қабылдау мүлдем тоқтатылды.
Айта кетейік, биыл облыс бойынша 4 342 бала мектеп табалдырығын аттағалы тұр. Осы балалардың 81,3 пайызы, яғни, 3 519-ы қазақ сыныптарына таңдау жасапты. Ал қазақ сыныбын таңдау өткен оқу жылында 1-сыныпқа барғандардың арасында 67 пайызды құраған еді.