Гүл дүкеніндегі оқиға: мемкірістер басқармасы басшысының орынбасары қызметінен кетті
Ол бұзақы экс-учаскелік полицейдің қасында жүрген
Шымкент қаласы Еңбекші аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары қызметінен кетті, деп жазды KYN.KZ тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, жуырда желіде Шымкенттегі гүл дүкенінде түсірілген видео тарады. Кадрлардан ер адамның дүкен қызметкерін ұрып-соғып, гүл ұрлағанын көруге болады. Кейінірек бейнежазбадағы "батыр" бұрынғы учаскелік инспектор екені анықталды. Ал оның қасында Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Данияр Елқонды болған.
Осы жағдайға қатысты Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының бұйрығымен Д.Елқонды «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жазаға тартылған.
Бүгін белгілі болғандай, Данияр Елқонды өзі берген өтініш негізінде атқаратын қызметінен босатылды.
Айта кетсек, бұдан бұрын Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Шымкентте гүл дүкенінде болған оқиғаға қатысты пікір білдірген.