Басты жаңалықтар

1 қыркүйектен бастап мемлекеттік шәкіртақы қаншаға өсетіні белгілі болды

Техникалық және кәсіптік білім студенттерінің шәкіртақысы 50% арттырылды.

1 қыркүйектен бастап ай сайынғы мемлекеттік шәкіртақы мөлшері артады. Тиісті тапсырманы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев берген болатын, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.

Атап айтқанда,

Бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы 20%,

Магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы 15%,

Техникалық және кәсіптік білім студенттерінің шәкіртақысы 50% арттырылды.

Премьер-министр Әлихан Смайылов үкіметтің тиісті қаулысына қол қойды.

 

Қаулыда белгіленген шәкіртақы мөлшері төмендегідей:

докторанттарға (оның ішінде "Денсаулық сақтау" бағыты бойынша) – 217 500 теңге;

даярлаудың "Денсаулық сақтау" бағыты бойынша резидент-дәрігерлерге және магистранттарға – 111 579 теңге;

магистранттарға – 97 024 теңге;

интерндерге – 75 890 теңге;

 

жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында даярлаудың педагогикалық және "Денсаулық сақтау" бағыттары бойынша білім алатын студенттерге – 67 200 теңге;

даярлаудың педагогикалық бағыттары және "Денсаулық сақтау" бағыты бойынша білім алатын студенттерді қоспағанда, жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алатын студенттерге – 41 898 теңге;

техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмысшы біліктіліктері бойынша оқитын студенттерге – 32 681 теңге;

 

техникалық және кәсіптік (орта буын мамандарын даярлауды көздейтін), орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алатын студенттерге – 31 422 теңге.

Қаулы 2023 жылғы 1 қыркүйектен қолданысқа енеді.

Айта кетейік, сонымен қатар мемлекет басшысының жолдауын іске асыру аясында келесі айдан бастап мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту педагогтерінің жалақысы 30 процентке өсетін болады.