Қара жамылған қыз: Асхат Садырбай оқушылардың мектепке хиджабпен баруына қарсылығын білдірді
Асхат Садырбай: Дінді ұлттық салт-дәстүрімізбен сабақтап, күні бүгінге дейін дәріптеп келген елміз
Танымал журналист, тележүргізуші Асхат Садырбай оқушылардың мектепке хиджабпен баруына қарсылығын білдіріп әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады, деп жазды KYN.KZ тілшісі.
«Мектеп оқушыларының хиджаб кию мәселесі елдегі өзге діни ағымдар мәселесіне қатысты айсбергтің көзге көрініп тұрған төбесі ғана. Оның артында кімдер, қандай ықпалды топтар, тұлғалар тұрғанын көпшілік жақсы біледі. Бірақ айта алмайды. Мектепке бүгін хиджаб кірсе, ертең оның артынан не ілесетіні айдан анық.
Біз діни мемлекет емеспіз. Дінді ұлттық салт-дәстүрімізбен сабақтап, күні бүгінге дейін дәріптеп келген елміз. Аналарымыз келін боп түскенде басына жабылған ақ жаулығын тастамай, ар-ұятына адал болған. Қара жамылған қыз бен бетін тұмшалаған әйел біз үшін жат!
Мектептегі хиджабқа қарсылық дінге қарсылық емес. Дін мектеп оқушысына хиджаб кигізумен бағаланбайды. Ешкімнің діни ұстанымына қарсы емеспіз, бірақ діннің атын жамылып, хиджабтың атын жамылып жымысқы саясат пен қауіпті ойындар жүргізуге жол жоқ!
Ойымды президентіміздің пікірімен түйіндейін: “Қазір жер жүзінде болып жатқан түрлі қақтығыстардың негізгі себептерінің бірі – діни алауыздық. Біз елімізде тыныштық пен тұрақтылық болғанын тілейміз. Сол себепті, бұл мәселені назардан тыс қалдырмауымыз керек. Қазақстан – зайырлы мемлекет. Конституциямызда дін бостандығына кепілдік берілген. Бірақ, зайырлы және төзімді, толерантты болу дегеніміз бәріне көз жұма қарап, жайбарақат отыру деген сөз емес.
Біз елдің қауіпсіздігі мен тұтастығына нұқсан келтіруге ешқашан жол бермейміз. Радикалды ағымдар мен діни сепаратизмге ортамызда орын жоқ. Бабаларымыз ғасырлар бойы ислам дінін ұстанған. Шариғаттың шарттары мен халқымыздың әдет-ғұрпы үндескен дәстүрлі ата дініміз бар. Оның асыл құндылықтары осы күнге дейін ұлтымызды ұйыстырып, бірлігімізді бекемдеп келеді. Ата жолын сақтап, дініміз бен салт-дәстүрімізді берік ұстау – біздің перзенттік парызымыз. Осы орайда, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру аса маңызды», - деп жазды журналист.