Қырғызстан Президенті : Аманжол Әлтаевтың жас ақынға айтқан үндеуі ыңғайсыздау болды
Садыр Жапаров: Біз қазақ пен қырғызды өзімізден басқа ешкім қолдамайды
Журналист Дина Елгезек әлеуметтік желідегі парақшасында Аманжол Әлтаевтың бауырлас елден ат мінген жас ақынға шүйлігуіне байланысты жазба қалдырды, деп жазды KYN.KZ тілшісі.
"Аманжол Әлтаевтың қазақтың қара жаяу бір ұлының ат мінгенін жалпақ дүниеге жар салып, Үндеу жасағаны ұят болған екен.
Кең болса, кем болмайды.
Қырғыз Президентінің жауабын оқып тіптен ұялып кеттім…
Садыр Жапаров Аманжол Әлтаевқа:
- Мен әлеуметтік желілерден Аманжол Әлтаев бауырымыздың сөздерін оқыдым. Бұл әрине, ыңғайсыз үндеу болды.
Біріншіден, «елші мен жыршыға өлім жоқ», дейді. Елшілер елшілігін қылады. Жыршылар, соның ішінде төкпе ақындар қай жерде болса да, өзінің ыңғайына қарай жырлай береді. Сынап жырлайды, мақтап жырлайды. Бірдеңе сұрап жырлайды. Одан кемшілік пен саясат іздеудің керегі жоқ.
Екіншіден Біржан Қалдыбаев дейтін төкпе ақын қырғызға жиен болады екен. Ал мен қазаққа жиенмін. Екеуіміз қайшылас жиен екенбіз. Менің бесінші атам Солтонқұлдың әйелі Науша апамыз қазақ қызы болған.
Үшіншіден, қазақ пен қырғыз сөз баққан елміз. Егер мен сол жерде арғымақ мінгізбей қойсам, мені сөзге жығып жырлайтын еді. «Байкем мені жаяу қайтарды, байкемнің бір арғымақтық әлі жоқ па», - деуші еді. Егер мен ол жиынға қатыспасам, сөз басқа болар еді.
Сондықтан, Аманжол мырзаға айтарым, ешқандай ыңғайсыз жағдайда қалған жоқсыздар. Ешқандай саясаты да жоқ. Болғаны – төкпе ақын жиенімнің сөзіне қалмайын деп, арғымақ мінгіздім. Ал енді Біржан Қалдыбаевтың қандай ақын екенін мен де білмеймін. Бұрыннан таныс емеспін. Оны көшедегі жүрген бір ақын депті. Қазір көшедегі бір ақын болса, кейін қазақ пен қырғызға танымал ақын болатын шығар. «Бесіктегі баланың бек боларын кім біледі, қарындағы баланың хан боларын кім біледі», дейді. Жас бала екен. Қолдау жасасаңдар, кейін танымал, мықты ақын болатын шығар.
Біз қазақ пен қырғызды өзімізден басқа ешкім қолдамайды. Бір-бірімізді қолдайық. Қазіргі әлемдегі ахуал қиын болып тұр. Қазақ пен қырғыздың ортасына шоқ тастап жіберсек деп тұрған үшінші күштер бар. Біз оған жол бермеуіміз керек. Ортадағы ынтымақты сақтайық. Онсыз да аз халықтармыз, - депті Қырғызстан президенті",- деп жазды журналист.