Саясат

Ресейдің бас консулы: Қазақстанда орыс тілінің тынысы тарылып кетті

Бас консул Қазақстанда жыл санап қазақ тілді сыныптар саны азайып жатқанын айтқан

Соңғы жылдары Қазақстанда орыс тілін қолдану мен оқудың азайғаны байқалады, деп мәлімдеді Алматыдағы Ресей Федерациясының бас консулы Евгений Бобров, деп хабарлайды  KYN.KZ  тілшісі  Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

ТАСС агенттігіне берген сұхбатында ол орыс тілін қолдану мен үйренудің төмендеуіне назар аударды.

Бас консулдың айтуынша, соңғы жылдары орыстілді мектептер мен сыныптар санының азайғаны байқалады. Қазақ тілінде оқитын бірінші сынып оқушыларының оқу бағдарламасынан «Орыс тілі» пәнінің алынып тасталуы қоғамда біраз алаңдаушылық тудырды.

Евгений Бобров орыс тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің тапшылығы мәселесі де бар екенін атап өтті. Педагогикалық оқу орындарының орыс тілінде мамандар дайындайтын факультеттерінің қысқаруы кадрлық ресурстардың шектелуіне әкелді. Бұл пәндер бойынша мұғалімдердің жетіспеушілігі 20 мың адамға жетеді, бұл орыс тілінде сапалы білім беруді қиындатады.

Бас консул Ресей мен Қазақстан арасындағы теңдестірілген тіл саясаты мен білім беру және мәдени бастамаларды қолдаудағы ынтымақтастық Қазақстандағы орыстілді мәдениеттің байлығын сақтауға және ұлттық бірлікті нығайтуға көмектесетінін атап өтті.