Қоғам

Ақмолада ерлікпен қайтыс болған бала марапатталды

14 жастағы бала өзге баланы құтқарып өзі суға кетті

Ақмола облысының Қорғалжын ауданындағы Арықты ауылының тұрғыны Володя Кринберг өзге баланы құтқарып, өзі суға батып кеткен. 14 жаста болған жасөспірім қайтыс болғаннан кейін медальмен марапатталды, деп хабарлайды облыстық төтенше жағдайлар департаменті.

Қайғылы жағдай 29 шілде күні Қорғалжын ауданындағы Сардыбай аулының жанында болған. Владимир Гринберг Нұра өзенінде отбасымен бірге демалып жатқан. Сол кезде 12 жасар баланың суға батып бара жатқанын байқап, бірден көмекке жүгірген. Ересектер де жетіп барған. Құтқарылған ұлдың әкесі баласын судан алып шықты. Бірақ Володя суға батып кетті.

Владимир Гринберг қайтыс болғаннан кейін төтенше жағдайда көрсетілген батылдық пен жанқиярлығы үшін "Суға батқандарды құтқарғаны үшін" медалімен марапатталды. Медаль баланың туыстарына табысталды.

Айта кетері, шомылу маусымы басталғаннан бері Ақмола облысының су айдындарында 13 адам суға батып кеткен, оның ішінде 5 бала бар.