Қызылордада 10 жыл бұрын шетінеген сәбиге лагерьге жолдама берген
- автор kyn.kz
- 29 тамыз, 2023
- 2.8k
Жаңылысып Қызылорда облысында осыдан 10 жыл бұрын шетінеген сәбиге мектеп қасындағы лагерьге жолдама берілген деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.
Оқиға Аралдағы мектепте орын алған. Осы оқиғаға жауапты мектеп директоры мен тиісті маман сөгіс алды.
"Оқушылардың жазғы демалысын тиімді өткізу мақсатында жалпыға міндетті оқу қорынан мектеп жанындағы жазғы тынығу лагеріне №220 орта мектебінен 90 баланың тізімі жасақталған. Жолдама алу үшін E-gov порталына тіркеу барысында мектептің әлеуметтік педагогы Ақтоты Құлмырзаева жауапты ата-ананың өтінішіне сәйкес электронды кілті арқылы жеке кабинетіне кірген. Содан кейін №220 орта мектебінің 1 «в» сыныбының оқушысы Заңғар Дәуренұлын тіркеу үшін өтініш жіберудің орнына, қателесіп отбасы тізімінде тұрған 2013 жылы қайтыс болған бауыры Бейбарыс Дәуренұлының атынан қате сұраныс жүргізген. Негізі E-gov порталында бала дүниеден өтсе де аты-жөні жанұя құрамының тізімінде тұрады. Дегенмен, сол мезетте қате жібергенін көріп, тынығу лагеріне баруға тиіс Заңғар Дәуренұлын қайта тіркейді. Қажетті құжаттама дайындалып, оқушы лагерьге жіберілді. Алайда, қайтыс болған баланың өтініші кейін қайтарылмай, порталда қалып қойған», - деп Арал аудандық білім бөлімі мәлімдеме жасады.
Зерттеу нәтижесінде Бейбарыс Дәренұлының өтініші мақұлданбаған. Демалушының қатарында жоқ екені анықталды. Осы іске байланысты жауапты мамандар жазаланатынын да айта кетті.