Асхат Шахаров Ақтөбе облысының әкімі болып тағайындалды
Ол 2022 жылдың қарашасынан осы уақытқа дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы қызметін атқарды.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Асхат Берлешұлы Шахаров Ақтөбе облысының әкімі лауазымына тағайындалды.
44 жастағы Асхат Шахаров жоғары білімді.1999 жылы Қазақ мемлекеттік туризм және спорт академиясын дене шынықтыру пәнінің оқытушысы - спорт бойынша жаттықтырушы, 2002 жылы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін халықаралық экономист мамандығы бойынша бітірген. 2013 жылы РФ Президенті жанындағы Ресей Мемлекеттік қызмет және халық шаруашылығы академиясын аяқтаған.
Экономика ғылымдарының кандидаты. Самбодан үш мәрте әлем чемпионы, екі дүркін әлем кубогының иегері, дзюдодан дүниежүзілік біріншіліктің қола жүлдегері, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері. 2005 жылдың қараша айынан Ақтөбе педагогикалық институты дене тәрбиесі кафедрасының доценті. 2007 жылдың сәуір айынан Ақтөбе облыстық олимпиадашылар резервін дайындау орталығының директоры.
2013 жылдың маусым айынан бері БҚО Қаратөбе ауданының әкімі қызметін, 2017 жылдың шілде айынан БҚО Зеленов ауданының әкімі, 2020 жылдың наурыз айынан Ақтөбе қаласының әкімі болды. 2022 жылдың қарашасынан осы уақытқа дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы қызметін атқарды.