Қоғам

Әкім Ербол Қарашөкеевтің басы алғашқы жұмыс күнінен бастап дауға қалды

Ашынған халық оның кабинетіне басып кіріп, дау тудырған мәселені шешуін талап етті

Жамбыл облысының су жаңа әкімі Ербол Қарашөкеевтің басы алғашқы жұмыс күнінен бастап дауға қалды. Әкімдікке жиналған ата-аналар шенеуніктің күні кеше жайғасқан жылы кабинетінен сыртқа шығуын талап етті, деп жазды KYN.KZ  тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап. 

Өйткені өңірдегі жекеменшік мектепте оқитын 10 мыңнан астам оқушы тегін тамақтан қағылған екен. Одан қалды оқу жылы қарсаңында көмек ретінде берілетін 40 мың теңгенің де бір тиынын көрмедік дейді наразылар.

Ата-аналар жеке мектепке балаларымызды ақшамыз асып-тасығаннан емес, мемлекеттік мектептің болмауынан бердік дейді. Ал Жамбылдың жаңа басшысы арыз айтқандармен кездесуге шықты ма? Тараздағы 15-ші шағын ауданда тұратын өкпелі жұрт өгейдің күнін кешкен.

Балаларын жекеменшік мектепте оқытудан басқа амалы жоқ. Өйткені Ұлы дала ауданында әлі күнге бірде бір мемлекеттік білім ошағы бой көтермеген. Сол себепті мұндағы оқушылар мемлекет тарапынан берілетін тегін тамақ пен қаржылай көмектен қағылдық дейді.

"Барлық осы Қзақстандағы барлық балалардың құқығы бірдей. Сондықтан білім министрі рұқсат берді ме, жекеменшік мектеп ашуға, демек барлық мемлекеттік мектептердің құқығымен бірдей қылып беру керек. Тамақты да, кітапты да, басқасын да. Сонда бұл жекеменшік мектепте оқып жатқан балалар Қазақстанға жатпайтын балалар ма? Білмеймін, түсінбей тұрмын",-дейді  Молдашова Нұрбибі.

Ашуланған ата-аналар облыстық әкімдік алдында айқаға басты. Олар өңірдің жаңа басшысымен кездеспек болған. Бірақ Ербол Қарашөкеев келмегесін, жиналғандар әкімнің кабинетіне басып кірді.

Әкімдіктегі шенеуніктерден бастап құзырлы органдарға дейін аяғынан тік тұрғызған ата-аналар су жаңа әкімді де жұмсақ креслосынан тұрғызбай қоймады. Аймақ басшысы жиналғандарды залға кіргізіп, арыздарын министрлікке жеткізетінін айтты.

Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі:

- Қазіргі таңда бұл мәселе ашық.Министрлік айналысып жатыр.

Мейірхан Өмірбек, Жамбыл облысы білім басқармасының басшысы:

- Енді бұларды министрлікке қарауын ұсынып жатырмыз. Жақын күндері қаралады. Сөйтіп жекеменшік мектептерді қосайын деп отырмыз. Сол өзгерісті күтіп отырмыз.

Сосын жаңа әкім ертең дауы басылмайтын, мәселесі таусылмайтын ауданға өзі барып, мәселені май шаммен қараймын деп басу айтқандай болды.
 

"Министрлікпен, қазір министрмен сөйлесіп, сіздердің проблемаларыңды жеткіземін. Ол жағынан күмән болмасын. Мен шағынауданды өз аяғымен жүріп аралаймын. Уайымдамаңыз",-дейді Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев.

Кездесуде тек Жамбылда ғана емес, барлық өңір бойынша жеке мектептерде ақылы тамақтанып жүрген оқушылар жайында да сөз болды. Шенеуніктер бұл мәселе жақын арада Мәжіліс мінберінде көтерілетінін айтып қалды.

Егер ұсыныс қабылданса, жаңа заңға өзгерістер еніп қалуы бек мүмкін. Ал мектепке жарымаған Ұлы дала ауданында қазір төрт мектептің құрылысы жүріп жатыр. Қараша айында 1200 балаға арналған су жаңа ағарту ошағы мерзімінен бұрын пайдалануға берілмек.