Мектептегі әлімжетіктен 4-сынып оқушысы өз-өзіне қол салып өлмек болды
Баланың әжесі болған жағдайды баяндап, жұртты шошытты
Министрлік пен облыстық білім басқармасының өкілдері бала оқитын мектепке барды. Алматы облысында 10 жастағы оқушымен болған оқиғаға байланысты арнайы жұмыс тобы құрылды, деп хабарлайды оқу-ағарту министрлігінің балалардың құқықтарын қорғау комитеті.
Бұған дейін БАҚ-та Алматы облысында құрдастары тарапынан буллингке ұшыраған 4-сынып оқушысы өзіне қол жұмсамақ болғаны туралы ақпарат тарады.
"Осы жағдайға байланысты арнайы жұмыс тобы құрылды. Болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында оқу-ағарту министрлігінің, Алматы облысы білім басқармасы басшылығының өкілдері бала оқитын мектепке жедел тәртіппен барды", - делінген хабарламада.
Бұл жағдай оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бақылауында.
Комитет атап өткендей, жуырда балаларды зорлық-зомбылықтан, суицидтің алдын алудан қорғау, олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жоспар қабылданды.