Діни басқарма министрліктен мектептерде оқушыларға орамал тағуға рұқсат беруді сұрап отыр
- автор Akarman K
- 13 қыркүйек, 2023
- 2.2k
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы мектепке ақ және көк түсті орамал тағуға рұқсат беру керектігін айтты, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі KTK арнасына сілтеме жасап.
Оқушының мектепке орамалмен баруы қазіргі кезде үлкен мәселе болып тұр. Осы тұста діни басқарма мәселені шариғатқа сай шешуді сұрауда. Оқу-ағарту министрлігіне нақты ұсыныс та жасалған. Әзірге ұсыныстың мазмұны көпке жарияланбады. Тек мүфтиятты баспасөз хатшысы бүгін әлеуметтік желідегі парақшасында жазба қалдырыпты.
"Орамал жайында. Мүфтият бұл мәселені өз құзыреті, дін мен дәстүр сабақтастығы аясында шешудің оңтайлы жолын ұсынды. Нақты айтқанда, тиісті мекемеге орамалдың ақ және көк түсі ұсынылды. Осыған қатысты әлі де оң шешім қабылданар деген үміттеміз",-ҚМДБ Баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы.
"Бұл тақырып осымен жабылуы қажет. Қазақстан Республикасында білім алып жатқан әрбір оқушы мектеп формасы, яғни ақ түсті көйлек, төменгі жағы қара, не қою көк түсті. Жоқ, мен таң қаламын, педагог ретінде айтарым, неге баланың үнін тыңдамасқа? Неге біз одан сұрамаймыз? Сен не қалайсың деп? Біз өзімізше шешіп жатырмыз. Бала үшін, өзіңіз ойлаңызшы... Яғни бала өзін еркін сезіну үшін, ол қатар құрбыларымен бірдей болуы керек",-деді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің департамент директоры.
Мүфтият бұл ұсынысы мәселені одан сайын ушықтырып, мемлекет саясатына ашық қарсы деп санайды кейбір мәжілісмендер. «Конституцияда Қазақстан зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде сипатталады, сол себепті дін мемлекет саясатынан тыс болуы шарт» - дейді депутат Айдос Сарым.
"Зайырлы дегеніміз,кем дегенде, өзінің діни басқа ұстанымдарын ересек жасқа жеткен кезде айқындай алатын дүние. Яғни ешбір балаға ешбірата-ана, ешбір мемлекеттік ұйым «сен былай жүр, сен былай жүр» деп айтпауы керек",- дейді депутат Айдос Сарым
Ал депутат Ерлан Саиров тіпті діни басқарма өкілдерінен күдіктеніп отыр. Дәстүрлі салт-санамызға сіңген ислам емес, өзге де тармақтар көрініс тапқан деген пікірде.
"Қазір, өкініштісі, біздің діни басқармада істейтін балаларымыз немесе сырттан оқып келген имамдар сол мемлекеттердің саясатын уағыздайтын секілді. Ислам мәдениетін емес, сол өздері тәлімтәрбие алып келген мемлекеттердің саясатын, солардың салт-дәстүрін Қазақстанға енгізгісі келетін сияқты",-деді мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.
Хиджаб мәселесіне қатысты мүфтияттың ұсынысы оқу-ағарту министрлігіне әлі жетпеген. Діни басқарманың ақ пен көк түсті орамал тағуға рұқсат беру туралы ұсынысы министрлікке жете сала, ресми жауап болатынын айтумен ғана шектелді.