Мәдениет

Бекжан Тұрыс: қазақ орыстың боданында кезде ешкім домбыраны "харам" деп қорламаған еді

Актер ұлттық аспаптың қадірін қорлаған жастар әлдебір ағым тапсырмасын орындап жүруі мүмкін екенін айтты

Актер Бекжан Тұрыс "домбыраны харам" деген қазақтарға шүйлікті. Ол домбыра аспабы мен күй өнерінің қазаққа  берілген  үлкен сый екенін  тілге тиек етті. Әрі дінді жамылған жастар қандай да бір ағымның тапсырмасымен осындай мәлімдеме жасады деген күмәні барын да айтып қалды, деп жазды KYN.KZ  тілшісі.

"Қолынан домбыра тастамаған қазақтың бірі ретінде мұндайға бей-жай қарай алмаймын. 70 жыл орыстың боданында отырғанда, өз ұлтымның ауызымен "қазақтың домбырасы - арам" дегенді ешкім айтқызбап еді. Ұмытпасам, эфирде "Терме" дейтін хабар да жүрді. Ал тәуелсіздік алған соң бізге не көрінді, ағайын?!

Түсінгім-ақ келеді, бірақ… Діннің атын жамылып, ұлттық құндылықтарымызға тиісу қайдан шықты? Қай кезде белең алды бұл? Анығында, ұлтының қастерлі мұрасынан безгендердің түсінігі бұл. Әйтпесе кез келген халықтың дәстүрлі мәдениеті мен діни танымы өз ұлты үшін қасиетті саналатынын білмей ме, бүкіл қазақ?

Домбыра - қазақтың жаны, бабадан қалған бағзы мұрасы. Бірақ көне заманнан бері қазақтың жүрек қылын, даланың терең тарихы мен сан ғасырлық шежіресін шертіп келе жатқан ұлттық аспапты қазақтан айыру басталған сияқты. Әлдекімдердің әдейі ұйымдастырған тапсырысы тәрізді көрінгені де рас. Бір мезгілде, бірінен соң бірі, кезекпен неге бұлай айтып жатқаны осындай ойға жетеледі", - деп жазды Бекжан Тұрыс.