Басты жаңалықтар

Заңгер: Түркістан облысында екі сақалды азамат мектеп директорын сабап кетті

Мектеп директоры Жанар Сапар бұған дейін орамалды қыздарды сабаққа кіргізбеген

Заңгердің айтуынша, мектеп директоры хиджап киген оқушыларды мектепке кіргізбеген. Сондықтан осындай қысым көрсетіле бастағанын айтады, деп жаздыkyn.kz тілшісі.

Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы Фирдауси мектебінің директоры Жанар Сапарды екі ер адамның  қылқындырып, ұрып, дене жарақатын салған. Бұл туралы заңгер Айгүл Орынбек хабарлады.

«Бұл оқиға күні кеше болған. Жанар Сапар жұмысқа бара жатқанда екі сақалды жігіт (ред. – заңгердің айтуы бойынша ұлты қазақ) тоқтатып, мойнынан қылқындырған. Жарақат іздері бар.  Машинадан сүйретіп түсірген. Аяғы шыққан. Қайта мектеп директорының орынбасары, тәжік жігіті келіп көмектескен. Сосын мектепке апарып, жедел-жәрдем шақырған.  Сақалды жігіттердің талаптары мектептегі орнын босат деген», - дейді Айгүл Орынбек.

Оның айтуынша, мектеп директоры хиджап киген оқушыларды мектепке кіргізбеген. Сондықтан осындай қысым көрсетіле бастағанын алға тартады. 

 

«Мен 2016 жылы бұл мектептегі проблеманы көтергенмін. Сол кезде ашық конкурс болып, Жанар Сапар директорлыққа тағайындалған.  Бірақ 7 жылдан бері оған қысым көрсетіліп, қудалау тоқталыған жоқ. Басты талабы - мектепке оқушыларды хиджаппен кіргізу.», - дейді заңгер.

 

Оның айтуынша, жаңа директор келгелі балалардың қазіргі кезде оқу сапасы түзелген.  Түлектері ҰБТ-дан жоғары бал жинап, грантқа көптеп түсе бастаған.

 

«Қазір 18 қазақ сыныбы ашылды. Бұрын қазақ сыныптары болмаған. Қазақ сыныбында оқып жүргендердің алды жетінші сыныпқа келді. Өйткені бұл 100 пайыз тәжік ұлтының өкілдері тұратын ауыл», - дейді Айгүл Орынбек.

 

Заңгер мұндай оқиғалар бұрында да болған деп отыр. Жағын сындыру, қылқындыру секілді жағдайлар бірнеше рет кездескен. 
 

«Қанша арыз-шағым жазсақ та, полиция қызметкерлері қарамай, жауып тастай береді. Бұл жолы да солай болды», - дейді ол.