Түркістанда ауыл мұғалімдері электронды журнал толтыру үшін дала кезіп жүр
Жұрт ауылдық жерлерде интернетті пайдаланудың қиындығын айтып, министрліктік жұмысын сынға алды.
Әлеуметтік желілерде Түркістан облысына қарасты ауыл мұғалімдерінің электронды журнал толтыру үшін интернет іздеп, дала кезіп жүргені бейнеленген сурет тарады, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі ulysmedia-ға сілтеме жасап.
Сурет Түркістан облысының Қазығұрт ауданына қарасты Аққұм ауылында түсірілген. Облыстық әкімдік мәліметінше, ауылда 432 адам тұрады. Ауыл тұрғындарына «Кселл» компаниясы ұялы байланыстың 2G және мобильді интернеттің 3G буыны бойынша қызмет көрсететіні хабарланды.
Желіде тараған суретке пікір білдірушілер еліміздегі ауылдардың көбінде интернетті пайдалану мұң екенін айтып, жұрт бейінді министрлік жұмысын сынға алды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі аталмыш жайтқа қатысты түсініктеме берді.
Елімізде интернет сапасына қатысты сын көп. Шалғай ауылдарды айтпағанда Астананың өзінде интернет жылдамдығы көңіл көншітпейді дейді жергілікті тұрғындар. Ал шілдеде министр Мусин интернет жылдамдығы жағынан Астана Токионы басып озғанын мәлімдеген.
Сондай-ақ, ол жуырда елорданың кейбір аудандарында интернет сапасының нашар болуы себебін түсіндірілген.