Қоғам

Павлодар облысында бірінші сыныптың екі оқушысын алып кетпек болған ер адам ұсталды

10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза тағайындады.

Павлодар облысына қарасты Кенжекөл ауылында бірінші сыныптың екі оқушысын алып кетпек болған ер адам ұсталды, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі Pavlodarnews-ке сілтеме жасап. 

Облыстық ақпараттық порталдың хабарлауынша, Кенжекөл ауылында мас ер адам екі оқушыны алып кетуге тырысқан. Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында Кенжекөл ауылындағы мектеп ауласында былапыт сөйлеп, кәмелетке толмаған балаларға тиіскен облыс тұрғынына қатысты іс Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша қаралды.

Ер адам сотта өз кінәсін толық мойындаған. Оның кінәсі учаскелік полиция қызметкерінің, куәгерлердің айғақтарымен дәлелденді. "Сот оны ӘҚБтК 434-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танып, оған 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза тағайындады",– деді қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының баспасөз қызметінің өкілдері.

Осы оқиғаға байланысты жергілікті пабликтерде қыздың анасының видеосы тараған. Видеода ана өзінің алаңдайтынын айтып, облыс әкіміне және білім беру басқармасының басшылығына балалардың қауіпсіздігі үшін мектепке күзет қоюды сұраған.