Нұра ауданында жеке сектор тұрғындарына арнап өртке қарсы датчиктер орнатылды
ТЖД мамандарының пікірінше, бір ғана датчик ұйықтап жатқан адамды оятуға қауқарлы.
Нұра ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері жеке секторды аралап, улы газ датчиктерін орнатып, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндірді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Әлеуметтік қорғалмаған санатқа жататын жеке сектор тұрғындарына өртке қарсы датчиктер орнатылды, сондай-ақ оларға өрт қауіпсіздігі ережелері туралы түсіндірілді. Сонымен қатар, мамандар пеш пен газ жабдықтарын тексеріп, тұрғындарға арнайы жадынамалар таратты.
«Қазіргі уақытта жылыту маусымы кезеңінде жеке тұрғын үй секторларында күнделікті негізде аулаларды аралау шарасы жүргізіліп жатыр. Біз көміртегі тотығы датчиктерін орнатамыз, бұл аппарат түтін пайда болған кезде арнайы дыбыстар шығарады. Олар иесіне және тұрғындарға қауіп туралы дереу хабарлайды. Көміртегі тотығы датчиктерінің бұл түрі ақпаратты құтқару қызметіне бермейді, тек хабарлайды.
Датчик іске қосылған жағдайда бөлімшенің келуі үшін 101 немесе 112 нөмірлері бойынша жүгіну керек», - деп атап өтті азаматтық қорғау аға лейтенанты Әділжан Берікболсынов.