Депутат Ардақ Назаров сайланған округте 200 бала "соғыс көрген" партада білім алуда (фото)
Жұрт Африкада суретке түсірілген парта шығар деген мектептің былтырғы 16 түлегінің 11-і грантпен оқуға түскен
Алматы облысына қарасты Қаражота ауылындағы 200 балаға арналған мектептің партасын көрген жұрт шошып түсті. Онда оқушыларға тоқсан жыл қызмет еткен партаның алғашқы сырынан түк қалмаған,ағашына дейін жұқарып біткен. Тіпті, қазір балалар білім алып жүрген мектептің партасын көргендер "Африка елдерінен келген сурет болар" деп күмән келтірген, деп жазды KYN.KZ тілшісі.
Ал шын мәнінде бұл Алматы облысына қарасты Қаражота, Сарыбұлақ, Ақтоған ауылдарының жүдеген көрінісі. Бұл мектептің іргетасы 1931 жылы қаланған, сол жылы пайдалануға берілген екен. Бүгінде оқушылар қыста бүрсең қағып, жазда ауа жетпей осында білім алады. Ең таңғалдырғаны былтыр осы мектептен 16 түлек ұшыпты. Солардың 11-і жоғарғы оқу орнына грантпен түскен.
"Қыста үнемі пеш дұрыс жанбайды. Қыстың ортасында жарылады. Бұрын терезелерді мақтамен бекітетінбіз. Қазір сол мақтаны әлі саламыз, ағаш терезелер шашылып қалмас үшін шегелеп қоямыз. Балалар дене шынықтыру пәнін қысы-жазы далада өтеді. Ол жерде он әкім ауысты. Бәрі уәде береді, сонымен ізін таппай қаламыз. Мектептің ішіне қысты күні су өтіп, ортада шелек қойып қоямыз. Жібіген қабырға оқушыларды басып қалады ма деп қорқамыз.",-дейді ауылдықтар.
Ал журналист Гүлмира Әбіқай болса бұл ауылдың атынан Қазақстан Республикасы Мәжілісіне Ардақ Назаров депутат болып барғанын еске алды. Халық уәде беріп, ізімғайып жоғалатын әкімдерден шаршағанда депутат бұл жағдайдан неге хабарсыз деген сұрақ туды. Ауылдықтар енді журналистер арқылы жағдайларын жоғары жаққа жеткізгісі келеді. Өйткені мектеп құлап қалар болса оқушыларды басып қалары анық.