Басты жаңалықтар

Талғардағы ауруханада дәрігерді соққыға жыққандар неге мұндай әрекетке барғандарын айтты (видео)

Денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлеріне шабуыл жасаған адамдарды заң аясында жазалауды талап етуде.

Талғардағы ауруханада дәрігерді соққыға жыққандар неге мұндай әрекетке барғандарын айтты, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.

Соққы алған дәрігер мен мейіргер қазіргі таңда жансақтау бөлімінде жатыр. 64 жасында қаза балған марқұмның туыстары бәріне дәрігерлерді кінәлауда. Олардың айтуынша,  ем іздеп барған егде жастағы азаматқа дереу алғашқы медициналық көмек көрсетілмей, дәлізде ұзақ уақыт жатып қалған. Кейін марқұмның мәйітін алуға барғанда ақша дәметті дейді ашулы ағайын-туыс. 

Талғар ауданы ауруханасында болған жанжал әлеуметтік желіге тез тарады. Мәйітті алып кетуге келгендер бөгет болған қызметкерлерге күш көрсетіп, жұдырық сілтеп, біреуін тіпті сұлатып түсірген.  Үш бірдей медицина қызметкерін соққыға жыққан. Одан кейін ауруханада көз жұмған туыстарының өлі денесін алып кеткен. Аурухананың күзетшілері де ашулы жігіттерден сескеніп, ештеңе жасай алмаған.

Солай күш көрсетіп мейітті алып кеткен. Соққының астында қалған үш қызметкердің бірі жеңіл жарақат болған соң үйіне жіберілген.

Қайтыс болған Бақыт Шорманов түнгі үштерде жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілген. "Науқасқа қажет медициналық көмекті көрсеттік, бірақ жақындары тым кеш қозғалып, ауруын асқындырған. Сондықтан екі сағаттан кейін жүрегі тоқтады" деп дәрігерлер ақталды.

Марқұмның жақындары ақ халаттыларды кінәлап отыр.

Жанжалды мемлекеттік қызметкерлердің өзі бастағанына сенімді. Бірақ бұл сәт камераға ілікпеді деп отыр.

Полиция қызметкерлері дәрігерлерді ұрып-соққан екі күдіктіні қамауға алып, «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабымен қылмыстық іс қозғады. Тергеу жүргізіліп жатыр.

Денсаулық сақтау министрлігі де бұл жағдайдан кейін үнсіз қалмады. Жауапты ведомствоның өкілдері медицина қызметкерлеріне шабуыл жасаған адамдарды заң аясында жазалауды талап етуде.

Бүгін 64 жасында қаза болған марқұмды жақындары жер қойнауына тапсырды. Әкесін ақтық сапарға шығарып салған ұлдары дәрігерлерді сотқа беріп соңына дейін күресеміз деді.