Алматыда 7 жасар қыз көршісінің 8 метрлік кәріз-құдығына құлап, төсек тартып жатып қалды
Балақайдың басына ауыр ота жасалды
Алматыда 7 жасар қыз кәріз-құдығына құлап, басынан ауыр жарақат алды. Әкесінің артынан ілесемін деп ерген бала 8 метрлік құдыққа байқаусызда түсіп кеткен деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.
Оқиға шамамен 10 ай бұрын болған. Әкесінің артынан ерген кішкентай қыз көршісінің беті ашық қалған құдығына түсіп кетеді. Әкесі барын салып қызын құдықтан шығарған. Солай ауруханаға апарған. Дәрігерлер қыздың басына 4 сағат бойы ота жасап, ондағы жарамай қалған сүйегін алып тастаған. Асыр салып ойнап жүрген қыз содан бері төсектен тұрмаған. Анасы қызының тірі өлікке айналғанын айтуда.
Құдықтың бетін ашық қалдырған көршілері арыз жазбауын сұрап, қыздың емін толықтай төлеуге уәде берген. Бірақ, толықтай емді көтермек түгілі, кішкене болсын көмек көрсетпеді дейді қыздың анасы.
Баласы үшін шырылдап жүрген ана көршісінің "емге ақша жоқ" деп, үлкен ғимарат салып жатқанын айтты.
Денсаулығына байланысты мектепке бара алмай қалған Маликаның арманы араб тілін оқып, мешіт салу. Анасын Меккеге апаруды қалайтынын жиі айтады екен.
Құдықтың иесі өзінің қаржылай көмек көрсеткенін айтып, Үрзияның сөзін жоққа шығаруда. Дәрі-дәрмектеріне ақша бердік дейді олар.
Қазір 7 жасар қызды емдеу үшін Түркия еліне бару қажет дейді анасы. Өзі іздеп, зерттеп сол жақтағы медициналық орталықтарымен сөйлескен. Қызының денсаулығын қалпына келтіру үшін 10 млн тенге керек екен.