Қазақстанда білім гранттарының саны біртіндеп азаяды
Министр білім гранттары 2037 жылдан бастап алынып тасталады деген қауесетті жоққа шығарды
Қазақстанда білім гранттарының саны біртіндеп азаяды, деп мәлімдеді ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі Sputnik басылымына сілтеме жасап.
"2037 жылдан бастап гранттар тоқтамайды. Бірақ грант саны азаюы мүмкін. Біз жоғары білімге қолжетімділікті сақтап қаламыз, бұл тұрғыда ешқандай өзгеріс болмайды. Бірақ гранттар саны өзгереді немесе азаюы мүмкін", - деді Саясат Нұрбек Еңбек күніне арналған форумда.
Министр қазақстандықтар 2024 жылдан бастап "Келешек" ерікті жүйесіне қатыса алатынын атап өтті. Бұл 5 жастан бастап ақша жинауға мүмкіндік береді. Ал 18 жасқа дейін, министрдің айтуынша, 12,5 млн теңге жиналады.
Бұған дейін министрлік Sputnik сауалына берген жауабында 2036 жылға дейін "Келешек" бағдарламасы бойынша гранттық қаржыландыру бойынша мемлекеттік шығындар сақталатынын атап өткен болатын.
"Ұсынылып отырған тетік бойынша ("Келешек") 2036 жылға дейін гранттық қаржыландыруға арналған мемлекеттік шығындар сақталады және бастапқы капитал мен мемлекеттік сыйлықақыларды төлеуге қосымша қаражат қажет болады, бұл 2037 жылдан бастап гранттарды бөлуден бас тартуға мүмкіндік береді", – делінген жауапта.