Қоғам

Талғар ауруханасында соққыға жығылған дәрігер есін жиып, мән-жайды түсіндірді

Соққыға жығылған дәрігер: Мен құлағанда басымнан теуіп жатты

Талғар ауруханасында соққыға жығылып, кейін ауыр халде жансақтау бөліміне түскен дәрігер оқиғаның қалай болғанын айтып берді.Бұл туралы KYN.kz ақпарат агенттігі “Алматы” телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Талғарда марқұмның туыстары соққыға жыққан медицина мамандары есін жиды. Cол күні алған ауыр соққыдан жарақаты әлі де жазыла қоймаған. Миы шайқалып, бір көзі көрмей қалған азаматтың өміріне қауіп төнген күн толық есінде жоқ.


"Әлі де жағдайым ауыр, басым ауырады. Көзім мазалайды. Тұру да қиын болып тұр. Есімде қалғаны, әуелі басымнан ұрды, мен жығылғанда басымнан теуіп жатқан. Қалғаны есімде жоқ", – дейді зардап шеккен дәрігер Нұрдәулет Евадилла.

Талғар аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Ғалымжан Есенәлиевтің айтуынша, жағдайдан зардап шеккен екінші дәрігерге ота жасау керек.

"Екінші әріптеске келесі аптада мұрнына ота жасау керек. Бет-жақ сүйектерін тексеріп, сосын ота туралы шешім қабылдаймыз", – деді Ғалымжан Есенәлиев.

Соңғы кезде медицина мамандарына қатысты мұндай жағдайлар жиілеп кеткен соң, мәселе Мәжілісте талқыға түсті. Депутаттар "ақ халаттылардың құқығы жоғары деңгейде қорғалуы тиіс" дейді.

"Күнделікті жұмыс барысында медицина қызметкерлері дөрекілікке тап болып, балағат сөздер естіп жатады. Ол аздай, науқастың жақындарынан таяқ жейді. Алматы облысында ғана бір жылда 12 жедел жәрдем қызметкеріне шабуыл жасаған. Бұл бізге белгілісі ғана. Кейбір қызметкерлер айта алмайды, қиналып жұмыстан шығып кетеді", – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдар Нұрымова.

 Денсаулық сақтау министрлігі Талғардағы жағдай бойынша Ішкі істер минстрлігіне хат жолдап, тергеудің әділ өткенін, осы іске қатысты азаматтардың қатаң жазалануын талап еткен болатын. Ал мінберде қаралған медицина мамандарының қауіпсіздік мәселесі кең талқыға түссе, заң жүзінде де өзгеріс енуі мүмкін.