Асырап алған ата-анасы жындыханаға жатқызып тастаған қыз сау екенін қалай дәлелдегенін айтты
Маржан өзінің сау екенін сегіз жылдан кейін ғана дәлелдей алған
Алматыда өгей анасы өзі асырап алған қызды сау болсада жындыханаға жатқызған. 19 жасқа толғаннан кейін ғана қыз өзінің сау, ақыл-есінің дұрыс екенін дәлелдей алған. Ол өзі секілді сау, есі дұрыс адамдардың әлі де болса жындыханада бар екенін айтты, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі «Қыздар-ай» бағдарламасына сілтеме жасап.
Маржан Ермекқызы Алматы қалалық № 1 балалар үйінде тәрбиеленген. Ата-анасы туа сала қызын бөбектер үйіне тапсырған. Маржан сонда 9 жасына дейін тұрған. Қызды қамқор болып, қараймын деген мақсатпен асырап алған. Асырап алған адамы жағдайы өте төмен үйде тұрған. Күйеуі әйелінің қызды асырап алғанына қарсы болып, жылы қабақ танытпаған. Қызды өгей анасы мен өгей әкесі жиі ұрып, соққыға жыққан. Маржанның қолын сындырып, жауырынын шығарған. Маржанның бұл жағдайын көрген көршілері мен мұғәлімдері полицияға хабарласқан. Осы оқиғадан соң сот болған. Өгей анасы сотта қызды жынды деп көрсетіп, Маржанды бірден соттың уақытында жындыханаға өткізген. Қыз 10 жасынан бастап , сегіз жыл сонда болған.
Жындыханадан шыққан соң, өзіне өмір сүру қиын болғанын жеткізді. Оны көп жерлер жұмысқа қабылдамай қойғанын көзіне жас алып айтты. Маржан туған әкесімен кездескен. Оның өзге отбасысы, қыздары бар болған соң онымен сөйлеспей, тек бір рет көрген.
Одан бері жеті жыл өткен. Қыз қазіргі таңда оқуын аяқтап, мамандығы бойынша Алматыда жұмыс жасауда.