Мақпал Исабекова қайтыс болған әкесі жайлы жан тебірететін жазба жазды
Әнші: Сені ойласам, кеудем күйіп, тамағымда түйін пайда болады
Әнші Мақпал Исабекова қайтыс болған әкесі жайлы жан тебірететін жазба жазды. Ол әкесінің өмірден өтетініне дайын болмаған екен. Бар қайғы-мұңымен бөлісті. Әкесіне деген махаббатын, уайымын парақшасына жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.
Мақпалдың әкесі 17 қыркүйек күні өмірден өткен. Әкесінен айырылған әнші бұл күндері өзіне қиын соғып жүргенін айтты. Баласының көзінше жыламауға тырысып жүр екен. Ол әкесіне жасап үлгермеген жақсылығын, анасына жасап, енді сол кісіні қуантуға тырысатынын айтқан.
"Сенің кеткеніңе 10 күн болды. Өмір бойы болдың да, кенеттен кетіп қалдың. (...) Сені ойласам, кеудемде күйіп, тамағымда түйір пайда болады. Баламның көзінше жыламауға тырысамын, ол менің жабырқамауыма қатты көмектесіп жүр. "Ризамын саған қызым", "Күнім Құдай бере салған", "Аман жүріңдер, қайда жүрсеңдер де", "Мықты бол". Бұл өзіңнен естіген соңғы сөзім, әке. Әкешім, қаншалықты орныңның бөлек екенін неге кеткеніңде ғана біліп отырмын, қайран өмір-ай. Жаныңның қалай қиналғанын бір Аллаһ пен өзің ғана білетін шығарсың. Әкешім, асқар тауым, мәңгі мекеніңе қайттың. Қанша жыласақ та, өмір ағысына көніп отырмыз, амал қанша. Жаның жаннатта болсын, иманың саламат болсын, бір Аллаһ жар болсын! Сен көрмей кеткен қызықты мама көрсін папа. Жаным, әкешім, өзіңді қалай жақсы көргенімді айта алмадым саған, кешір…", - деп жазды ол.
Әншінің оқырмандары қайғырып көңіл айтуда.
"Болашақта кімнің бар, кімнің жоқ болатынын білу біздің қолдан келмейді, мықты болыңыз" дейді олар.