Азия ойындарының үшінші алтыны: қазақстандық мергендер жеңіске жетті
Спортшылар елімізге тарихи жүлде сыйлап үлгерді.
Эдуард Ещенко мен Әсем Орынбай жұбы Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан ХІХ жазғы Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алды. Қазақстандық мергендер елімізге тарихи жеңісті сыйлады. Бұл - Қазақстан үшін осы спорт түріндегі алғашқы медалі, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.
Қазақстандық спортшылары аралас жұптық сынның финалында Эман Әлшамаа мен Абдулла Әл-Рашидиден басым түсті. Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко осыған дейінгі біршама халықаралық бәсекеде бірге қатысқан.
Еске сала кетейік, 2023 жылдың мамырда Алматыда өткен рейтингтік Әлем кубогында олар күміс жүлдені қанжығасына байлаған еді. Сондай-ақ жазда Италиядағы Әлем кубогында аралас жұптар арасында 3-орын алған. Ал, 2022 жылдың қазан айында Хорватияның Осиек қаласындағы әлем чемпионатында Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко скит бағдарламасында қола жүлдеге қол жеткізген.