Қоғам

Павлодарда кәмелетке толмаған апалы-сіңлілерді зорлаған жігітке сот үкім шығарды

Көрші қыздарды арам ойын іске асыру үшін пайдаланған жас жігіт 8 жылға бас бостандығынан айырылды

Павлодар облысының Екібастұз қаласында кәмелет жасына толмаған апалы-сіңілі қыздарды зорлады деп айыпталған көршіге қатысты сот үкімі шықты. Айыпталушы 8 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі. 

Сотталушы  бас бостандығынан айырылғаннан бөлек, зардап шеккен қыздардың әрқайсысына 2,5 миллион теңгеден моральдық шығын төлеуі тиіс. Жас жігіт екі жыл педагогикалық қызмет және кәмелетке толмағандармен жұмыс істей алмайды. Тергеу дерегінше, жас жігіт 2019 жылдың шілде айында 13 жастағы көрші қызды өз пәтеріне апарып зорлаған. Оның қыспағынан қорыққан мектеп оқушысы бұл сұмдықты үлкендерден жасырып қалған. Тек өзінің сегіз жастағы сіңілісіне ғана айтып беріпті.

Осы оқиғадан тура бір жыл өткенде көрші жігіт анасы мен үлкен қызының үйде жоқтығын пайдаланып, әжесінің жанында қалған сол үйдің кенже қызына зорлық жасаған екен. Сотта белгілі болғандай, ол 8 жастағы қызды бірнеше рет зорлаған. Мектеп оқушысы көрген қорлығын анасына айтып берген. Келіншек бірден полицияға арыз жазыпты. Бір жылға жуық уақытқа созылған сотта жігіт өз кәнісін мойындаған жоқ.