Ақтөбеде жас ана 3 айлық баласын дәмхана қызметкеріне ұстатып, қашып кетті
Көкек ана іздестіріліп жатыр
Ақтөбеде жаңа туған баласын дәмханаға тастап кеткен әйел іздестіріліп жатыр. Үш айлық баланы анасы дәмхана қызметкеріне бірнеше минутқа қарай тұруға тастап кетіп, сол күйі оралмаған.
Өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі 29 қыркүйекте жедел басқару орталығының "102" пультіне орталық базар ауданындағы шайханада жаңа туған бала табылғаны туралы ақпарат келіп түскенін хабарлайды.
Нәресте полиция бөліміне жеткізіліп, жедел медициналық бригада шақырылды. Дәрігерлердің айтуынша баланың жағдайы бір қалыпты. Ақтөбе қаласы №3 ҚПБ ЖПҚБ ювеналды полиция бөлімінің инспекторы Жаннур Абдоллаева баланың жаялықтарын ауыстырып, тамақтандырып, сәбилер үйіне жеткізді.