Англияда жұмыс істеп көп ақша табамыз дегендер ұйымдастырушы компанияға алданып, шу шығарды
100 ден аса адам айлығы жоғары жұмыс тауып береміз деген компанияға миллиондап қаржы құйған
Алматыда шетелден жұмыс тауып беруге уәде еткен Svictory компаниясына алдандық деген жұрт шу шығарды. Айтуларынша, 100-ден аса адамның әрқайсысы Англияда жұмыс істеп ақша табу үшін аталмыш серіктестікке миллиондап төлеген. Келісім бойынша жазда ұшып кетуі керек еді. Бірақ қалың бұқара әлі күнге дейін шетел түгілі, өз қаражатын қайтара алмай, Алматыда сабылып жүр, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі KTK арнасына сілтеме жасап.
Өз ақшасын сұрап келгендерді компанияның күзетшісі сол күйі кіргізбеді. Мұнда тұрған үлкеннің де, кішінің де басындағы мәселесі тікелей Svictory компаниясына қатысты. Бірі жарқыраған инстаграм парақшасын көріп, енді бірі танысынан естіп ақша табамыз деген үмітпен серіктестікке алды 750 мың, ең көбі миллион жарымға дейін санап бердік дейді. Өзге елде жұмыс істеудің басты себебі — ақша. Аты айда бақандай 6 миллион теңге табасың деп сендірді дейді. Өз есебінше, сөйтіп ақшасын төлеп шетелге шыға алмай қалғандардың саны 100-ден асады. Ал компаниядағылар жұрттың жанайқайына мүлде құлақ асқысы келмейтін сыңайлы. Біз жұмысымызды толықтай атқардық деп отыр. Ал қаражат туралы ләм-мим демеді.
Svictory-ға алдандық деп шырылдап жүргендермен қоса, бүгін шетелден жұмыс тауып беретін өзге компанияға сеніп қарызға белшесінен батқандар наразылық білдірді. Олар да Англия мен Швейцарияда құлпынай, саңырауқұлақ, алма теріп, үш айда үш миллион теңге таппақ болған. Сөйтіп жыл басында әрқайсысы 750 мың теңгесін қалтасынан жырып беріпті. Бірақ соңында сенген компаниямыз сан соқтырып кетті деп отыр.
Арманы салы суға кеткен халық шетелден баяғыда үмітті үзген. Ендігі талабы тек біреу — ақшасын толық қайтарып алу. Енді былықты ашу үшін полицияға шағымданады.