Діни ұстанымдарына байланысты баласына қан құйғызбай өлтіріп алған ерлі-зайыптылар қылмыстық жауапқа тартылады
Дәрігерлер қанша түсіндірсе де келіспей қойған ата-ана баласының өліміне кінәлі болып табылды
Перзентіне қан құйғызудан бас тартқан көкшетаулық ерлі-зайыптыларға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр деді бүгін ішкі істер министрінің орынбасары. Соның нәтижесіне қарай марқұм сәбидің ата-анасымен қоса дәрігерлер де жауапқа тартылуы мүмкін екен, деп жазды KYN.KZ тілшісі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.
"Бұл дерек сотқа дейінгі тергептексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Қазіргі таңда қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесі бойынша дәрігерлердің және ата-ананың әрекеттеріне баға берілетін болады. Бастапқы деректерге сәйкес, баланың ата-анасы белгілі бір діни ағымды ұстанады. Сол себептен олар қан құйғызуға қарсылық білдірген. Өлімнің себебін анықтайтын сот-медициналық сараптама тағайындалды",-дейді ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев.
Ақмола облысы балалар ауруханасында ата-анасы науқас сәбиіне қан құйғызудан бас тартқан. Дәрігерлер қан құймаса баланың жағдайы нашарлай беретінін әке-шешесіне ескертіпті. Мұны құлағына ілмеген ерлі-зайыптылар діни ұстанымдарына қарама-қайшы екенін айтып, рұқсатын бермей қойған. «Йегова куәгерлері» ағымының жетегінде жүрген олар «біздің дін бойынша қан компоненттерін құю өмірді құюмен тең» деп жауап қатты дейді дәрігерлер. Артынша, кішкентай науқастың жағдайы күрт ауырлап, ауруханада жан тапсырған.