"Шектен шығып кетті": Кеңес Рақышев қазақ боксшыларына әділетсіздік жасалғанына күйінді
Кеңес Рақышев халықаралық рингте мұндай әділетсіздікке жол жоқ екенін айтып, Шымбергеновке өз қолдауын білдірді.
Қазақстан бокс федерациясының төрағасы Кеңес Рақышев Азия ойындарындағы Асланбек Шымбергеновтың жекпе-жегіне қатысты пікір білдіріп, төрешілердің шығарған шешімін сынға алды, деп жазды KYN.KZ тілшісі Kaz.nur.kz сайтына сілтеме жасап.
Федерация басшысы Азия ойындарында қазақстандық боксшыларға әділетсізідк жасалғанын айтып күйінді.
Рақышев бұл тұрғыда Қазақстан бокс федерациясы ХОК төрешісіне ресми түрде өз талаптарын білдіретінін жеткізді.
"Төрешілердің Азия ойындары тарихындағы ең әділетсіз шешімі! Құрметті жанкүйерлер, әлем чемпионы, Қазақстан құрамасының капитаны Асланбек Шымбергеновтың жартылай финалдық кездесуінде төрешілердің аса әділетсіз шешіміне қатысты өрескел оқиға орын алды. Шымбергенов бүкіл жекпе-жек бойы жапониялық Севон Оказаваны соққының астына алды. Жұдырықтары қарсыласқа дәл тиіп жатты. Барлық жағынан мықтырақ әрі басымырақ болды. Бірақ олар Шымбергеновтың қарсыласының қолын көтерді.
Халықаралық олимпиада комитеті IBA-дағы төрешілікке қатысты әрдайым шағым білдіріп келген еді, бірақ Ханчжоудағы Азия ойындарының жартылай финалында болған оқиға тым шектен шығып кетті. Осыған байланысты Қазақстан бокс федерациясы Азия ойындары бойынша ХОК төрешісіне өз талаптарын ресми түрде білдіреді. Бұл ретте турнирдің ең мықты боксшылары біздің былғары қолғап шеберлерімен бірдей жеребеге түсуі, жалпы жеребенің өткізілу реті, төрешілердің жұмысына сұрақтар туындатты. Ал жергілікті боксшыларға "қызыл кілем" төселді", - деп жазды ол бокс федерациясының ресми Instagram парақшасында.
Кеңес Рақышев халықаралық рингте мұндай әділетсіздікке жол жоқ екенін айтып, Шымбергеновке өз қолдауын білдірді.
"ХОК қамқорлығындағы турнирлерде төрешілер шешіміне наразылықтар мен шағымдарды беруге болмайды. Қазақстан - бокс державасы, бокстың көшбасшысы ретінде рингтегі мұндай әділетсіздік фактілерімен келісе алмайды. Мен өз тарапымнан Асланбек Шымбергеновке жеке қолдау білдіремін! Мұндай фактілер капитанымызды сындырмайды, еңсесін түсірмейді деп сенемін, және ол бокстан ең маңызды халықаралық турнирлерде Қазақстан туын биікте желбіретеді деп ойлаймын", - деп жазды ол.