Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Аймағамбетов: медицина сапасы былай тұрсын, қолжетімділігіне зəру болып қалдық

Аймағамбетов: медицина сапасы былай тұрсын, қолжетімділігіне зəру болып қалдық
ашық дереккөзі
Аймағамбетов мәселені шешудің жолын ұсынды

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов медициналық сақтандыру жүйесін сынап, оған «реформа сəтті іске аспады» деп баға берді.

2020 жылдан бастап елімізде медициналық сақтандыру жүйесі енгізілген. Үміт қандай болды? Бұл реформа денсаулық саласын тез арада жақсартып, оның қолжетімділігі мен сапасын əлдеқайда арттырады ма? Жылдар өтті, казақстандықтар ай сайын қорға жарнасын төлеуде, бірақ сол үміт ақталды ма? Қызмет сапасы жоспарға сай артты ма? Мәжілісте бүгін осы мәселе талқыланып жатыр.

Депутат Аймағамбетовтың айтуынша, өңірлерге барғанда проблемалар толық шешілмегені белгілі болған.

«Медициналық көмектің сапасынан бұрын біз қазіргі уақытта оның қарапайым қолжетімділігіне зəру болып қалдық. Осыған орай, неге бұл реформа сəтті іске аспады жəне енді не істеу керек деген сұрақтарға жауабымызды беруге тырысайық», - дейді ол.

Депутат бірінші жəне басты проблема – МƏМС-ті қаржыландыру жүйесінің   теңгерімсіздігі және форматындағы олқылықтар екенін атап өтеді. Бастапқыда нақты жəне жан-жақты есептерге негізделген қаржыландыру моделі жоспарланған. Ал іс жүзінде басқа модель енгізілген. Алғашқыда жоспарланған басты параметрлер түбегейлі өзгерген. Соның кесірінен денсаулық сақтау саласына қаражат жетіспейді, қолжетімділік төмендеді, тарифтер азайды, кредиторлық берешектер пайда болды. Аймағамбетов бұл мәселені төртке бөледі:

  1. МƏМС қорына төленетін жарна бойынша. Қараңыздар, қарапайым қазақстандықтардың ай сайынғы жалақысынан МƏМС-ке төлейтін жарнасының ставкасы 2% деңгейінде сақталды. Ал мемлекеттің төлейтін жарнасы, яғни бюджеттен əлеуметтік санаттар үшін МƏМС-ке аударылатын жарна мөлшері бастапқы ставкаларға қарағанда 3 есеге азайтылды. Осы шешімге байланысты МƏМС қорына, яғни азаматтардың еміне, бюджет есебінен жүздеген миллиард теңге түспеді.
  2. Пандемиямен күресу кезінде МƏМС арқылы атқарылатын қызметтер пакетіне шұғыл медициналық жәрдем, оқушыларға медициналық қызмет көрсету сияқты бюджеттен кепілдендірілген медициналық көмек арқылы төленуі керек шығыстар енгізілді.
  3. Бюджеттегі қаражаттың жеткіліксіздігіне байланысты шұғыл шешімдерді қабылдау үшін МӘМС қорында жиналған 700 млрдқа жуық қаражат пандемиямен күрес үшін жұмсалып кетті. 
  4. Үкімет жоғарыда айтылған зейнеткерлер, балалар сияқты 15 əлеуметтік санат үшін МƏМС-ке бюджеттен төлейтін жарналарын қысқартып тастады. Мысалы, заңның 26-бабына сəйкес бюджеттен бұл жарна орташа жалақы бойынша есептеліп, қорға аударылу керек болса, іс жүзінде Қаржы министрлігі оны медианалық жалақы мөлшері есебінен төлеп жатыр. Сəйкесінше, бұл заңға қайшы шешімнің кесірінен, тек 2024 жылдың өзінде 275 млрд теңгені қаржы министрлігі МƏМС қорына, яғни біздің азаматтарымыздың емделуіне аудармай отыр. Cонда, үш жылдың өзінде, келесі жылды қосқанда, МӘМС-ке 600 миллиардтан астам қаражат бюджеттен түспеді. 
  5. Медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру міндетін орындағанда, министрлік оны бюджет есебінен ғана емес, осы МƏМС-те жиналатын қаражаттың есебінен де жүзеге асырды. Бұл да МƏМС-те жиналған, қазақстандықтардың еміне тікелей жұмсалуы тиіс жүздеген миллиард теңге болған.

«Жоғарыда көрсетілген шешімдердің нәтижесінде МƏМС қорына кем дегенде 1 трлн теңгеге жуық қаражат түспеді. Бұған қоса 1 трлн теңгеге жуық қаражат алғашқы қойылған мақсаттардан тыс, мысалы пандемиямен күрес үшін, әлде ГОБМП, бюджет арқылы төленуі керек бағыттарға  жұмсалған. Осының салдарынан денсаулық сақтау саласындағы шығындардың қаржылық ауыртпалығы азаматтарға түсіп отыр. Бұл шешім қордың да қаржылық тұрақсыздығына əкелді», - дейді ол.

Депутаттың айтуынша, осының салдарынан қазақстандықтардың өз қалтасынан емделуге жұмсайтын қаражаттары азаюдың орнына, тек соңғы 2 жылда 27,7% - дан 31,1% - ға дейін өскен. Ауруханалардың кредиторлық берешегі көбейген, азаматтардың медициналық көмек алу уақыты ұзарды, сапа төмендеген.

«Осыған орай МƏМС идеясының беделі түсіп, тіпті осы жүйеге сенбегендіктен, біршама адам оны жоюды талап етуде.  Өкінішке қарай, бүгінгі таңда МƏМС қоры сақтандыру принциптерінің негізіндегі қор орнына, жай ғана қарапайым бюджеттен тыс қорға айналды», - дейді ол.

Аймағамбетов қандай шешім ұсынады?

Депутат бюджеттен МƏМС-ке төленетін жарналар заңға сəйкес орташа жалақы есебінен төленуі тиіс деп есептейді. Яғни келесі жылдың бюджетінде МƏМС-ке тағы 275 млрд теңге бөлінуі тиіс. МƏМС қорының қаражатын мемлекеттің тікелей міндеттерін орындау үшін жұмсауға тыйым салу керек. Мемлекеттен əлеуметтік санаттарға төленетін жарна ставкасы қайта қаралуы қажет.

«Бұған қоса Мемлекет басшысының 2027 жылға қарай денсаулық сақтау саласына арналған шығындарын Жалпы ішкі өнімнің 5%- на дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасының орындау үшін жоспарланған қаражат та толығымен бюджеттен бөлінуі тиіс. Ал бұл мақсатқа қол жеткізу үшін салаға жыл сайын кемінде 500 млрд.теңге қосымша қаражат бөлу қажет. Бірақ келесі жылдың бюджет жобасында бұл қаражат əлі жоқ.», - дейді ол.

Депутаттың сөзінше, келесі жүйелі проблема – медициналық қызмет көлемін жоспарлау əдістемесінің жеткіліксіздігі. Яғни, бүгінгі таңда медициналық қызметтердің жоспарлы көлемі халықтың нақты ерекшеліктерін, медициналық көмектің тұтыну көрсеткіштерін, көші-қонды толығымен есепке алмай бөлінеді. Ал енді осы медициналық қызмет көлемін бөлудің нақты жəне түсінікті əдістемесінің, критерийлері мен принциптерінің болмауына байланысты денсаулық сақтау ұйымдары арасында көптеген проблема туындап отыр.

«Сондықтан қысқа мерзімде медициналық қызмет көлемін жоспарлау əдістемесін дайындау қажет деп санаймыз. Ол үшін медициналық қызметтерді тұтыну нормаларының əдіснамасын зерттеу арқылы дайындау қажет. Бізде салалық республикалық əдістемелік орталық бар. Сонымен қатар медициналық университеттер де бар. Олар бір адамды емдеу үшін қанша қаражат керек екені туралы арнайы нормативтерді, қанша төсек-орын, жалпы бір адамға шаққандағы тұтыну нормасын дайындап шығаруы керек. Міне, сонда ғана ауруханаларға мемлекеттік тапсырыс дұрыс беріледі. Сонда ғана медициналық қызмет мөлшерден көп немесе тіпті атқарылмады деп айтуға негіз болады. Ал қазір, министрлік медициналық қымет мөлшерден көп көрсетілді деп ауруханалардың бюджетін азайтып, немесе, тіпті мүлде жеткілікті мөлшерде бөлмей отыр», - дейді ол.

Депутат сонымен қатар, МƏМС пакетіне кіретін жəне ГОБМП, яғни тегін медициналық көмектің кепілдендірілген пакетіне кіретін қызмет түрлерінің ара-жігін ажыратуымыз керек дейді. «Шектік» шкала азаматтарымыздың бейін бойынша мамандарға көріну үшін де қиындық əкелгенін айтады. Жүйелі проблема – тариф екенін атап өтеді. Медициналық қызметтерге арналған тарифтер мəселесі жүйелі түрде шешілмеді дейді ол.

Дереккөзі: ulysmedia.kz

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар