Президент Ақмола облысындағы студенттің өлімін жан-жақты тергеуді тапсырды
Анасы студент ұлына біреулер несие алдырып, өлтіріп кеткеніне сенімді
Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысындағы студенттің өлімін жан-жақты тергеуді тапсырды. Ішкі істер министрлігі кінәлілерді тауып, заң талаптарына сай жауапқа тартуы тиіс.
"ІІМ Орталық аппараты және облыстық департамент қызметкерлерінен арнайы жедел тергеу тобы құрылып, оқиға орнына шықты. ҚР ҚК 105-ші, яғни өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бабы бойынша, сондай-ақ тергеуде анықталған бопсалау бойынша ҚК 194-бабының 2-бөлігімен қосымша қылмыстық істер қозғалды",-деді ҚР ІІМ тергеу департаменті бастығының міндетін атқарушы Мұхтар Қожаев.
Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін полиция жұмбақ өлімді жедел ашуға кірісті. 19 жастағы студент суицид жасады ма, әлде оны біреулер қасақана өлтірді ме, ол жағы белгісіз. Мұны тергеу анықтауы тиіс.
Колледж студенті Роман Бодаговтың мәйіті осыдан үш күн бұрын Бурабайдағы теміржолдан табылған. Ол оқуда озат, тобында өте белсенді болыпты. Романның арманы да асқақ еді дейді қайғы жұтқан отбасы. Анасы марқұмның кісі қолынан қаза тапқанына сенімді.
"Біз ешқашан сенбес едік, ол өзін өлтірді дегенге. Өте зерек, ақкөңіл, қасындағыларға көмектесуге дайын тұратын. Өмірде жоспары көп еді. Оны өлтірді. Одан ақша бопсалады. Қорқытты. Балама несие алғызған. Қазір белгілі болып жатыр. Оны өлтіріп, лақтырып кетті деп ойлаймыз. Әділдік талап етеміз!",-дейді марқұм студенттің анасы Надежда Бодагова.