Сарыағаштағы 5 жасар қыздың өлімінен кейін жұмыстан кеткен судья Шетенов жаңа қызметке жайғасты
Педофиль 5 жасар қызды өлтіргеннен кейін дүйім жұрт дүрлігіп, Нұрғазы Шетенов қызметінен уақытша шеттетілген еді
Сарыағашта 5 жасар қызды зорлап өлтірген педофилдің бұрынғы қылмысына жеңіл жаза берген аудандық сот төрағасы жаңа қызметке тағайындалды. Лауазымы төмендеген Нұрғазы Шетенов енді өзі басшылық еткен соттың судьясы болады. Дүйім жұртты дүр сілкіндірген атышулы істен кейін ол жұмысынан уақытша шеттетілген болатын, деп жазды KYN.KZ тілшісі Информбюроға сілтеме жасап.
"ҚР Жоғары кеңесінің ұсынысымен ҚР Президентінің 2023 жылғы 6 қазан күні №367 санды жарлығымен Нұрғазы Бектайұлы Шетенов Сарыағаш аудандық сотының төраға қызметінен босатыла отырып, осы соттың судьясы қызметіне қайта тағайындалды",-дейді Түркістан облыстық соты баспасөз қызметінің хатшысы Әсет Серікбаев.
Еске салайық, шілде айында ойнап жүрген 5 жасар Еркежан Нұрмаханды көршісі үйіне алдап шақырып, оған зорлық көрсетіп, бірнеше мәрте пышақ сұғып өлтірген. 48 жастағы педофил осы қылмысы үшін қыркүйекте өмір бойына бас бостандығынан айырылған еді. Сотталушы бұрын адам өлтіріп 10 жыл отырып келген.
Ал биыл көктемде тағы бір кісінің басынан балтамен ұрғанына қарамастан, жергілікті сот оны шартты жазамен бостандыққа жібере салған. Қара жамылған отбасы Сайдолим Гайибназаровқа судья бұрын жеңіл жаза кеспегенде қаршадай қызымыз аман қалар ма еді деп наразылығын білдірген болатын.