Қоғам

Илон Маск Қазақстанның шалғай ауылдарын интернетпен қамтамасыз етеді

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету мақсатында Илон Масктың SpaceX ғарыш компаниясына жүгінуге мәжбүр болғанын айтты. Бұл туралы Kyn.kz тілшісі хабарлайды.

"Digital Bridge" форумында сөз сөйлеген министр қазақстандық байланыс операторларының ауылдарға жетуін күтіп отырғанын айтты. Бірақ, бұл процесс ұзаққа созылып, SpaceX компаниясына жүгінуден басқа таңдау болмаған.

"Қысқасы, біз осы уақыт бойы байланыс операторларының ауылдарға жетуін күттік. Біз оларды мәжбүрлегенімізбен, жеңе алмадық. Ақырында SpaceX-ке жүгінуге тура келді. Бүгін Лорен Драйер екеуміз президентке интернетке қатысты нақты мәселелердің бар екенін жеткіздік. Сондай-ақ спутник антенналар арқылы секундына 4 мегабит интернет алатын шалғай аудандардағы 2000 мектепті Starlink-пен алты ай ішінде қамтамасыз ететінімізді хабарладық. Бұл туралы президентке хабарланған және Лоран Драйер SpaceX вице-президенті ретінде көмектесетінін растады. Біз мектептердегі интернет мәселесін біржола шешеміз", - деді Бағдат Мусин.

Бұған қоса, министр шетелдік компанияның көмегіне жүгінуге мәжбүр болғаны үшін кешірім сұрады.

"Бұлай болғаны үшін кешірім сұраймын. Кейде ел ішінде өз проблемаларымызды өзіміз шеше алатынымызға сенгім келеді. Бірақ SpaceX сияқты дамыған технологиялар бар кезде оларды қолданбау күнә", – деді министр.

Министрдің айтуынша, қазірдің өзінде 2000 мектеп бойынша келісімшарттар бар, олар қазан айының соңына дейін жасалады.

"Алты ай ішінде Қазақстанның барлық мектептері мен оқушылары цифрлық жеңілдіктерді қауіпсіз пайдалана алуы үшін Starlink-ті барлық жерде орналастырамыз", – деп түйіндеді министр.