Google-да жұмыс істейтін қазақ қызы Арай Сабыржан: «Қыздардың да есепке жүйрік екенін дәлелдегім келді»
Арай Сабыржанға Президент: Қазақстанға қайтып келсеңіз, мен сізді Үкіметке қояр едім
Президент кездесуде шетел асқан жастарды елге оралып, жұмыс істеуге шақырды. Қазақстанға шақырту алғандардың бірі – Арай Сабыржан. Ол Google компаниясында инженер-програмист болып жұмыс істейді, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі Aikyn.kz-ке сілтеме жасап.
Президент: «Қазақстанға қайтып келсеңіз, мен сізді Үкіметке қояр едім. Америка жақсы, бірақ Қазақстан да керемет қой. Қазақстанда жұмыс істей аласыз деп ойлаймын», – деген болатын.
АҚШ-тан Әсел Сабыржан бүгін Астанада өтіп жатқан Digital Bridge форумына арнайы келді.
Ол «Бүгінгі жоғары технология саласындағы AI трендтері» панельдік сессиясында Қазақстанның ІТ саладағы мүмкіндіктері туралы ойын ортаға салды. Сессия отырысынан кейін Google компаниясының бағдарламалық қамтамасыз ету жөніндегі инженері Арай Сабыржанмен аз-кем тілдестік.
– Астанаға қош келдіңіз! ІТ форумға жиналғандардың басым көпшілігі жастар. Студенттермен қатар мектеп оқушылары да бар. Шетелде жұмыс істейтін маман ретінде жастарға қандай бағыт-бағдар бересіз?
– Бүгінгі форумға келіп, замандастарыммен жүздескеніме қуандым. Панельдік сессияда Қазақстандағы ІТ-дың даму қарқыны туралы көптеген сұрақ қойды. Меніңше, қазір жастардың көзі ашық. Әлемде қандай жаңалық болып жатқанын әп-сәтте ғаламтор арқылы оқып, біліп жатырмыз. Бір емес, бірнеше шет тілін жетік меңгерген жастар көп. Технология, жаңадан қолданысқа енген жаңалықтарды қолданудан да көп елден көш ілгеріміз. Мәселен, TikTоk-ты кәдеге жаратудан бірінші орындамыз... Сол себепті, жастардың ішкі түйсігі, күш-қайраты білімге бағытталғанда біз алмайтын асу жоқ. Талаптанған адам жетістікке жете алады. ІТ саласын жеткілікті меңгеру үшін жастар тәжірибе жинауы керек. Қателіктерді қайталамауға кеңес берер едім.
– ІТ салада жетістікке жету оңай ма?
– Мектепте математика сабағын қызығып оқыдым. Алматыда №39 С.А.Қожықов атындағы мамандандырылған лицейде білім алдым. Университетке оқуға түсетін кезде сыныптас жігіттер: «Компьютер бағдарламасын меңгеруге қыздардың миы жетпейді...», – деп айтатын. Сол сөзге намыстанып, қыздардың да есепке жүйрік екенін дәлелдегім келді. Компьютерді бағдарламау саласын таңдадым. Таңдаған оқуыма түстім. Университетте оқып жүргенде бұл салада тәжірибем аз екенін түсіндім. Осы бағытта әртүрлі жұмыс істеп көрдім. Бірі ұнағанымен, бірі ұнамады. Өзімнің білімімді сынап көрдім.
Қазақстанда 2017 жылы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетін тәмамдадым. 2018 жылы Сан-Францисконың осы саладағы бағдарламасына құжат тапсырдым. Жеңімпаз атанып, Сан-Францискоға бардым. Компанияларда стартап жобаларда жұмыс істедім.
– Google компаниясы жұмысқа орналасу үшін маманға қандай талап қояды?
– Google жұмысқа алу үшін бір тақырып төңірегінде егжей-тегжейлі сұрайды. Сұхбаттасу кезінде осы саланы жан-жақты талдайды. Жеткілікті дәрежеге дейінгі деңгейде білсең, жұмысқа алады.
Google-ға жұмысқа орналаспай тұрып, өзіме жаңа нәрсені үйрене білу керек деген талап қойдым. Сол қасиетпен, табандылықпен жұмысқа орналастым. Google-дің ерекшелігі – маман барлығын іргетасынан бастап қалап, жобаны іс жүзінде іске асырады. Жаңадан үйреніп, іс жүзінде қолданып, өнім жасаймыз.
– Қазір қосымша оқыту курстары көп. Көбінесе, баланың ынтасынан бөлек ата-ананың қызығушылығы басым. Жаратылыстану бағытында білім қуған жастарға қандай кеңес айтасыз?
– Әр баланың қызығушылығы әртүрлі. Баланы қинап, ана-анасына ұнайтын мамандыққа оқытудың қажеті жоқ. Бәлкім, бала өзі қаламаса да, сол мамандықты оқиды. Жұмысқа орналасады. Жалақы алып, күнін көреді. Бірақ уақыт өте келе 40-50 жасқа келгенде «бұл менің мамандығым емес екен» деген ойға келеді. Мамандығын ауыстыруға бет бұрады. Адам өзінің өмірлік мақсатын тапса, кез келген салада жетістікке жете алады. Баланың қабылеті мен ынтасына қарай өзі қызыққан салада оқығаны жөн дер едім.
– Әңгімеңізге көп рақмет!