Қоғам

Тұздыбастау халқы: Арыстанбек Мұхамедиұлының қарындасы халыққа тиесілі жолды қоршап алған, біз тау айналып өтуге мәжбүрміз

Халық Мұхамедиұлының қарындасы қоршап алған жерде мал ұстайтынын айтты

Жергілікті халықтың айтуларынша, тас жолға шығатын көшені қоршап мал өсіруде. Соның кесірінен жұртқа тауды айналып өтуге тура келеді, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.

Осылайша, Тұздыбастаулықтар Талғар тас жолына шығу үшін осылай тау-тасты аралайды. Жаяу жүрген тұрғындардың өзі бұлай жолдың қасіретін тартса, көлік туралы айту тіптен артық. Тіпті, аяқ-асты біреу ауырып қалса жедел жәрдем, өрт шықса сөндірушілер кіре алмайды. Ал, осылай ағашпен жолды жауып тастаған дөкейге жұрттың мұңы қызық емес сияқты.

-Бұл Арыстанбек Мұхамедиұлының әпкесі деп айтады. Соның туыстары екенін білеміз. Соның себебінен ба жабылып тұр. Бұл жер негізі заңсыз берілген жер деп есептеймін. Өйткені, бұл зират қорғау аймағына кіреді. Жер кодексінде 400 метрге дейін берілмеу керек қой жер. Сосын, мына жерде арық бар. Су қорғау аймағы. Бұл жер кезінде заңсыз берілген. Соған қарамастан тұрғындардың жолын жауып отыр кәдімгідей,-дейді Ермұхамед Маралбек.

Бұл жәй ғана қоршау емес, кәдімгі мал тұратын жер. Әнеу бір шайналған ағаштарға қарағанда, бұл жерде иесі жылқы ұстайды. Жақсы, әйтеуір бір амалын тауып ар жаққа секіріп өткен күннің өзінде де тас жолға шыға алмайсың. Өйткені, ар жағында тағы бір қақпа тұр. Бұл жол негізі шамамен 10 жыл бұрын жабылған дейді. Осы уақытқа дейін жергілікті тұрғындар өзге біреудің учаскесі арқылы өтіп амалдап келіпті. Бірақ, жақында иесі ол жерге бетон құйып бастаған. Осылайша, 10 шақты отбасы тығырыққа тіреліп, қамалып қалып отыр.

Жолды жапқан көрші де үйінен шыға қалды. Өзінің Арыстанбек Мұхамедиұлының жездесі екенін мойындап отыр. Жолды ашқысы келмейді. Себебін былай түсіндірді.

 - Бұл жерде жалғыз мен көшіп келдім да, қора салдым. Жеке аруашылық. Сөйтсем, мына жақта бір жігіт бар, бұлар алады да компьютерде мені бұзады мына жерімді. Мына жаққа қарай шығарып жібереді. Мен оны білмеймін. Ана жерге мемлекеттік акті алады. Мына жер бос қалған ғой. Бұл жерді картада жолға кіргізіп жібереді,-дейді Ерім Алпысбаев.
 

Жергілікті әкімнің оның орынбасары шығып, жердің заңсыз басып алынғанын мойындап отыр. Бірақ осы уақытқа дейін не үшін шара қолданбағанын мардымды түсіндіре алмады. Бұл орынға жақында ғана отырдым дейді.
 

- Кенесары хан көшесі бойынша бұрынғы бас жоспар бар. Кезінде сол жердің бір тұрғыны жерді бөліп сатқан. Сол сатқан кісі өз аумағын артығымен қоршап, өтететін жолды жауып алған. Соңғы ескертуді ұсындық. Қазір жер инспекциясынан тексеру келіп, айыппұл салады, ескертуін айтады. Егер ол орындалмаса, ары қарай сотқа жүгіну процесі тағы болады,-Гаухар Билібаева, Тұздыбастау ауыл округі әкімінің орынбасары.

Қорыта айтқанда, атқамінерлер заңсыз жабылған жолды қайтсе де ашамыз деп сендірді. Бірақ, тұрғындар шенділер берген уәдеге әзірге күмәнмен қарайды. Өйткені, кезінде дәуірі жүріп, ақыры қамалған ағасының ықпалы әлі де бар ма деп күдіктенеді.