Қоғам

Түркістан облысында бір топ бұзақы депутатты түнде үйінің алдында сабап кетті

Депутат таяқ жеуінің себебі мен тапсырыс берген адамды біліп отыр

Түркістан облысында мәслихат депутатына шабуыл жасалды. Бір топ бұзақы Руслан Насыровты дәл үйінің алдында оңбай сабап кеткен, деп жазды KYN.KZ тілшісі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.

Түнде тойдан қайтып келген халық қалаулысын есік алдынан он шақты жігіт күтіп алыпты. Көп әңгімеге келместен, ашулы топ мәслихат депутатына жұдырық ала жүгірген. Оның таяқ жеп жатқаны аулаға қойылған бейнекамераға түсіп қалыпты. Руслан Насыровтың айтуынша, бұл кикілжіңге жер дауы себеп. «Заңсыз жер телімдерін қайтарғаным бұрынғы депутатқа ұнамай қалды» дейді.

Төбелеске қатысқандар саны көп болғанымен, бұл екі адамның арасындағы араздық дейді полицейлер. Қазір қос бірдей баппен қылмыстық іс қозғалып, төбелеске қатысқандардан жауап алынуда.

"Жанжал кезінде олардың бірі екіншісін ұрып, мүлікті бүлдіргенін айтып көрсеткен. Оқиға орнына жедел тергеу тобы шықты. Аталған жәйт ҚР ҚК екі бірдей бабымен тіркелді. Айғақ зат ретінде бейнежазба алынды. Оқиғаның мәнжайы анықталу үстінде",-дейді Түркістан облысы ПД баспасөз хатшысы Гүлнәр Әбдіжаппар.